Бокста көшбасшы өзгерді ме?

Dalanews 22 авг. 2016 06:23 873

Рио олимпиадасында өзбек боксшылары «айды аспанға шығарды»: 3 алтын, 2 күміс, 2 қола, жиыны 7 медаль жинап, бейресми есепте көш бастады. Бұл – Өзбекстан құрамасының тарихында болмаған табыс. Олардың ең үлкен жетістігі Сидней олимпиадасында тіркелді: 1 алтын, 2 қола иеленіп, үздік төрттікке енді. Сиднейден бергі додаларда өзбектер алтын алмаған еді. Бұл бір сәттік серпіліс бола ма, әлде кезіндегі АҚШ пен Куба сияқты ұзаққа сілтей ме — бәріне уақыт төреші.
Олимпиадалардың тарихына көз салсақ, АҚШ құрамасы бокстан бейресми есепте 6 рет топ бастаған. Әрине, 1904 жылғы Сент-Луис олимпиадасын санаттан шығарып тастауға болады. Бұл додаға тек АҚШ боксшылары қатысып, алтынды да, күмісті де, қоланы да өздері бөлісті (7 алтын, 7 күміс, 5 қола).
Куба құрамасы да 6 рет көшбасшы болды. Бостандық аралының шеберлері 1972 жылғы Мюнхен олимпиадасында 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алып, алғаш рет топ бастады. 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасында кубалықтар 6 алтын иеленіп кетті. Шаршы алаң иелерінің жалғыз алтыны — «қырғи қабақ соғыс» дәуіріндегі КСРО басшыларының тым мейріімділігі болар, кім білсін… Есесіне, 1984 жылы Лос-Анжелесте өткен олимпиадада АҚШ КСРО сияқты «жалған мейірім» танытып әуре болмады, олар 9 алтын, 1 күміс, 1 қола иеленіп, олимпиадалардағы бокс жүлдесінен рекорд жасады.
Бокстан  айға қол созып жүрмесе де, өз елінде өткен олимпиададаларда өзгелерден қара үзіп кеткен елдер де баршылық. Спортқа саясат араласпайды дегеннің бекер әңгіме екеніне осыдан көз жеткізсек керек. Мысалы, 1908 жылғы және 2012 жылғы Лондон олимпиадаларында Ұлыбритания көш бастады. 1936 жылы Берлинде Германия (2-2-1) көш бастамаса, фюрер үшін өлім болар ма еді? 1960 жылы Римде Италия 7 жүлдемен (3-3-1) қара үзіп кетті.
Сондықтан Өзбекстан құрамасының бұл табысына бауырлас ел ретінде қуаныш білдіре отырып, олардың жетістігі тұрақты көрініске айналуын күтеміз. Өзбектер Куба мен АҚШ сияқты командалық бейресми есепте 6 олимпиадада топ жарып жатса, тіпті биылғы табысын Токиода қайталап жатса, тамаша дәстүр қалыптастыра алғаны.
Қазақстан құрамасы өзі қатысқан 6 олимпиадада бокстан 3 рет (Атланта, Сидней, Афина) үздік үштікке енді, Бейжіңде — 7, Лондонда 5 орын алды. Биыл отандастарымыз 1 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлдемен үздік төрттікті түйіндеп отыр. Бұл жаман нәтиже емес. Ең бастысы, тұрақтылық бар.
Олимпиадалар тарихында бокстан АҚШ құрамасы көшбасшы. Олар 50 алтын, 24 күміс, 40 қола, барлығы 114 жүлдемен көш басында тұр.
2. Куба — 37, 19, 17 = 73
3. Ұлыбритания — 18, 13, 25 = 56
Қазақстан бар-жоғы 6 олимпиадаға қатысса да, бұл мәртебелі тізімде 7 алтын, 7 күміс, 8 қола, барлығы 22 жүлдемен 10 орында келеді. Бұл көрсеткіш алдағы Токио олимпиадасында жақсара түсетіні анық. Өйткені, 9 орындағы Аргентинаның 7, 7, 10, барлығы 24 жүлдесі бар. Ал соңғы жылдары әуесқой бокста Аргентина бұрынғы позициясынан көп шегініп кетті. Өзбекстан құрамасы 4 алтын, 2 күміс, 8 қола, барлығы 14 жүлдемен 17 орында тұр.

Дереккөз: http://statsport.kz/

Есей Жеңісұлы


Рекомендовать
Последние новости