БЖЗҚ активтерінің кірістілігі өскенімен, бәрібір ол жинақталған инфляцияны жаба алмауда

Кәмшат Тілеухан 22 авг. 2025 10:32

БЖЗҚ активтерінің кірістілігі өсіп, триллион теңгеден аса ақша қазақстандықтардың есеп-шоттарына таратылып берілді. Алайда, БЖЗҚ-ның инвестициялық кірістілігі жыл басынан бері жинақталған инфляцияны бәрібір жаба алмауда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 2025 жылдың жеті айында 4,68%- ға дейін өсті (бір ай бұрын – 1,51%). Жыл басынан бері тамыз айына дейін есептелген инвестициялық кірістің мөлшері 1,12 трлн теңгені құрады, делінеді қордың инвестициялық қызметіне шолуда.

Бұл ретте кірістілік көрсеткіші жыл басынан бері жинақталған инфляцияны әлі де жаба алмауда (7,7%).

Соңғы 12 айда, 2024 жылғы шілдеден 2025 жылғы маусымға дейін қазақстандықтардың шоттарына жалпы көлемі 3,11 трлн теңге мөлшерінде инвестициялық табыс аударылды, инфляция 11,8% кезінде кірістілік көрсеткіші 14,74% -ды құрады.

"Зейнетақы активтерінің жекелеген қысқа мерзімді кезеңдердегі кірістілігі оларды басқару тиімділігінің көрсеткіші болып табылмайды, өйткені қаржы құралдары және қысқа уақыт ішінде есептелген басқа операциялар бойынша сыйақы түріндегі кірістер әр кез осы кезеңдегі бағалы қағаздар мен валюта бағамдары құнындағы ауытқудан туындаған соманы жаба бермейді. Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерінің объективті талдауын кем дегенде бір жыл ішіндегі есеп-қисапқа қарап жасаған жөн", - дейді БЖЗҚ.

1 тамыздағы дерек бойынша, Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің сомасы 24,3 трлн теңгені құрады. 

Бұған дейін әлеуметтік осал топтарға жататын тұлғалар біржолғы зейнетақы төлемдері түрінде салық салынатын табысқа стандартты салық шегерімдерін қолдануға құқылы екенін, сондықтан 2021-2023 жылдары баспанаға және (немесе) емделуге ақша алған осы санағатты азаматтар жеке табыс салығын кері қайтара алатынын жазғанбыз.                         


Рекомендовать
Последние новости