Biz Birgemiz қорына көпті ақша салуға шақырған Еуразиялық банк не дейді?

Кәмшат Тілеухан 17 июл. 2025 16:58

Қазақстандағы банктердің бірі алаяқтық бабы бойынша сотқа тартылып жатқан Перизат Қайрат басқарған қорға халықты ақша аударуға шақырған. 2024 жылдың көктемінде Еуразиялық банк өзінің мобильді қосымшасында су тасқынынан зардап шеккендерге қайырымдылық таныту туралы хабарландыру орналастырады. Қайырымдылық ұйымдарының тізімінде бірінші болып "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоры тұрған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Telegram арналардың біріндегі ақпаратқа сәйкес, банк хабарламасында тікелей қосымша арқылы ақшаны тез аударуға болатындығы айтылған.

"Дауға басы шатылған қорға қаражат жинау туралы ақпарат Еуразиялық банктің ресми сайтында әлі де қолжетімді", – деп атап көрсетеді дереккөз.

Тергеу мәліметтері бойынша, жиналған қаражаттың басым бөлігі зардап шеккендерге жетпеген.  Ақшаны қарапайым азаматтар, мектептер, кәсіпкерлер, тіпті мұқтаж жандарға көмектесетініне сенімді банктер де аударды. Залал сомасы ондаған миллион теңгеге бағаланады.

Іле-шала Еуразиялық банк аталған оқиғаға қатысты ақпарат таратты.

"Еуразиялық банкі Biz Birgemiz Qazaqstan қорының айналасындағы жағдайға байланысты қоғамдағы наразылыққа қосылады. Бұл жайт қайырымдылық ұйымдарын қатаң тексеру қажеттілігін тағы бір мәрте танытады. 2024 жылдың сәуірінде, су тасқыны кезінде сол кездегі танымал болып көрінген қордың реквизиттері клиенттерге ыңғайлы болу үшін Smartbank-ке қосылды. Қор стандартты тексеруден өтті және сол кезде ешқандай күдік-күмән тудырмады. Банктің қормен ым-жымы бір болған емес, оған қаражат аударған жоқ, тек клиенттерге басқа ондаған қорларға сияқты оған да ақша аударуларына техникалық мүмкіндік жасады. Шу қалай шықты, солай қордың реквизиттері жүйеден дереу алынып тасталды. Еуразиялық банк өз атынан зардап шеккендерге нақты көмек көрсеткен, тексерілген қорларға 10 млрд теңге бөлді. Көмек құжат түрінде расталған".

Айта кетсек, Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорының басшысы Перизат Қайрат алаяқтық жасағаны үшін сотталуда.

Бұған дейін Jusan Bank (қазіргі Alatau City Bank) өкілі сотта сөз алып, су тасқыны кезінде банк Перизат Қайрат қорына қазақстандықтарға көмек ретінде 300 миллион теңге аударғанын мәлімдеген.

Сондай-ақ Kaspi Bank-тің "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық қорына 620 млн теңге аударғаны белгілі болды. Ол екі транш арқылы жүргізілген: басында 120 млн теңге, одан кейін қосымша 500 млн теңге  бөлінген. Сотта банк заңгері өздеріне қор атауы сенім ұялатқанын айтты. "Сол кезде аты дүркіреп тұрды. Kaspi Bank басшылығы осы қорға сенім білдіру туралы шешім қабылдады. Арты бұлай болатынын ешкім болжамады. Біз одан қор туралы барлық мәліметтерді сұрап алдыртып, тексердік. Бірақ ол кезде қорға қатысты қандай да бір қылмыстық фактілер тіркелмеген еді. Оның үстіне Jusan Bank 300 млн теңге аударғаны туралы ақпарат тарады. Біз де осы үлгіні негізге алдық", – деді ол.

16 шілдедегі сот отырысында НЗМ ата-аналар комитетінің төрағасы оқушылардың ата-аналары су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін 901 мың теңге жинап, оларды Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорына тапсырғанын хабарлады. Бірақ қор басшысына қарсы қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болғаннан кейін, ата-аналар ақшаны қайтаруды талап еткен. Олар бұл ақшаны науқас мұғалім еміне жұмсау туралы шешім қабылдапты.

Тағы бір жәбірленуші павлодарлық зейнеткер сотта қорға аударған 1 млн теңгені кері қайтаруды талап етті.

17 шілдеде жәбірленушілердің бірі - Назарбаев Зияткерлік мектебінің қызметкері Жанерке Сатқанбекова Перизат Қайратпен байланысты қорға 3 миллион теңгеге жуық қаражат аударғанын айтты. Сотталушы өз кезегінде ақша су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде тағайындалды деп мәлімдеді.

Бұл іс бойынша Үкімет басшысы Олжас Бектенов алғаш рет заңдарға өзгерістер енгізуге уәде беріп, сөз сөйледі.


Рекомендовать
Последние новости