Kaspi банк Перизат Қайрат басқарған қорға 620 миллион теңге аударған

Қаракөз Амантай 16 шіл. 2025 17:02

2024 жылдың көктемінде Қазақстанның батысы мен солтүстігінде болған жойқын су тасқыны кезінде Kaspi Bank зардап шеккендерге көмек ретінде “Biz Birgemiz Qazaqstan 2030” қоғамдық қорына 620 миллион теңге аударған. Алайда тергеу мәліметтеріне сәйкес, бұл қаржыны қор басшысы Перизат Қайрат жеке пайдасы үшін иемденгені белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Kaspi Bank-тің заңгері Айдар Кісенбаевтің айтуынша, 2024 жылдың 5 сәуірінде қор басшысы банкке 120 млн теңге бөлу туралы ресми хат жолдаған. Ал 8 сәуірде екінші хат түсіп, қосымша 500 млн теңге сұралған. Банк барлығы 620 млн теңгені “Forte Bank” АҚ-тағы қордың шотына аударған.

1 шілдеде “Biz Birgemiz Qazaqstan 2030” қоры Kaspi Bank-ке алғыс хатын жолдап, 30 маусымға дейінгі қаржы есебін қоса ұсынған. Құжатта көрсетілгендей, 424 146 296 теңге қайықтар, генераторлар мен жөргектер сатып алуға жұмсалған. Қалған қаражат азық-түлік пен басқа да қажеттіліктерге бөлінді делінген. Алайда кейін анықталғандай, бұл есеп шындыққа жанаспайтын болып шықты.

“Қазіргі таңда бұл қаражаттың ұйым басшысы тарапынан жымқырылғаны белгілі болды. Нәтижесінде Kaspi Bank-ке 620 миллион теңге көлемінде залал келді”, – деді Кісенбаев.

Заңгер банктің не себепті дәл осы қорға сенім артқанына да тоқталды.

“Ол кезде Jusan Bank 300 млн теңге аударғаны туралы ақпарат тараған. Біз де осы үлгіні негізге алдық”, – деді ол.

Қазіргі таңда Kaspi Bank аталған қаражатты қайтару үшін сотқа жүгінуге ниетті.

Айта кетейік, бұған дейін Jusan Bank Перизат Қайраттың қорын тексерместен 300 млн теңге аударғаны туралы жазған едік.

Перизат Қайратқа қатысты үш эпизодтың бірінде ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шамамен 2,9 млрд теңге жинап, оның тек 920 млн теңгесін ғана мақсатты түрде жұмсады деп айып тағылды.

Осы науқан аясында First Heartland Jusan Bank (қазіргі атауы Alatau City Bank) 300 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсеткен. Банктің өкілі Бейбіт Жорабаевтың айтуынша, оларға BizBirgemiz Qazaqstan 2030 қорынан Перизат Қайраттың қолы қойылған хат келген. Онда қайырымдылық көмек сұралған. Бұл мәселе банктің басқарма отырысында қаралып, қаражат қайырымдылық ретінде аударылған.

Алайда Перизат Қайрат бұл бастаманың банктің өзінен шыққанын айтады. Осыған байланысты ол соттан PR қызметінің өкілі Михаил Егормен беттесуге мүмкіндік беруді сұрады. Айтуынша, дәл сол адаммен келіссөз жүргізген.

Банк бұл іске жәбірленуші тарап ретінде танылған. Оның атынан сотта Жорабаев куәлік берді.

Қорғаушы Асланбек Давлетьяров сот отырысында банктен: неліктен дәл сол 300 млн теңге ұрланды деп сенімді айтасыздар, бәлкім ол қаражат шын мәнінде зардап шеккендерге жұмсалған шығар? – деп сұрады. Оның сөзінше, Қайрат 2024 жылдың 2 сәуірі мен 18 шілдесі аралығында 1 млрд теңгеден астам қаржыны моторлы және үрмелі қайықтарға, генераторларға, киіз үйлерге, азық-түлік пен техникаларға жұмсаған.

"Біз тергеу материалдарымен таныстық, тергеу заң аясында жүргізілгеніне көз жеткіздік. Тергеуші ұсынған барлық құжаттарды оқыдық. Бірақ нақты біздің қаражат қайда жұмсалғанын зерттеген жоқпын, сондықтан бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын", – деді Жорабаев.

Сондай-ақ қорғаушы банктен: неліктен ірі қаржы ұйымы 1–2 млн теңгені де мұқият тексеріп барып аударатынына қарамастан, Қайраттың бір ғана хатына сеніп, 300 млн теңгені аударды? – деп сұрақ қойды. Жорабаев бұл шешім банктің басқарма деңгейінде қабылданғанын айтты. Оның сөзінше, сол кезде су тасқынынан тіпті банктің кейбір бөлімшелері де зардап шеккен, сондықтан олар көмек беруге ниет білдірген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар