НЗМ Перизат Қайраттың қорына 2,9 миллион теңге аударған

Қаракөз Амантай 17 шіл. 2025 12:40

Перизат Қайрат ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде Назарбаев Зияткерлік мектебінің (NIS) педагог-ұйымдастырушысы, куратор Жанерке Сәткімбекова куә ретінде жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, ата-аналар, оқушылар мен ұстаздар аталған қорға 2,9 миллион теңге көлемінде қаражат аударған. Бұл төлем 2024 жылдың 10 сәуірінде банк қосымшасы арқылы онлайн жасалған.

Прокурор Сәткімбековаға “Неліктен дәл осы “Biz Birgemiz Kazakhstan 2030” қорын таңдадыңыздар?” деп сұрақ қойды.

“Бұл қорды барлық жерде жарнамалап жатқан соң, біз де соған аудардық”, — деді ол.

Айта кетейік, Астанада Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Қазір судьялар су тасқыны кезінде жиналған қаражатқа қатысты эпизодты қарауда.

Бұған дейін сот отырысында жәбірленуші тараптан 200 млн теңге аударған компанияның өкілі Галя Исаева сөз сөйледі. Оның айтуынша, сол кезеңде компанияны Перизат Қайраттың әлеуметтік желідегі белсенді жарнамасы сендірген.

"Президенттің су тасқыны кезінде жасаған үндеуінен кейін басшылық зардап шеккендерге көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Бізге Biz Birgemiz қоры сенімді ұйым болып көрінді. 10 мамыр күні акционерлік қоғамның шотынан қорға 200 млн теңге аудардық. Перизат Қайраттың атынан жарияланған жарнамада несие төлемдерін тоқтату туралы үндеу де болды. Бұл да әсер етті – шын мәнінде, халыққа жаны ашитын адам сияқты көрінді", – деді Исаева.

Сонымен қатар Jusan Bank Перизат Қайраттың қорын тексерместен 300 млн теңге аударғаны туралы мәлімдеген еді.

Перизат Қайратқа қатысты үш эпизодтың бірінде ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шамамен 2,9 млрд теңге жинап, оның тек 920 млн теңгесін ғана мақсатты түрде жұмсады деп айып тағылды.

Осы науқан аясында First Heartland Jusan Bank (қазіргі атауы Alatau City Bank) 300 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсеткен. Банктің өкілі Бейбіт Жорабаевтың айтуынша, оларға BizBirgemiz Qazaqstan 2030 қорынан Перизат Қайраттың қолы қойылған хат келген. Онда қайырымдылық көмек сұралған. Бұл мәселе банктің басқарма отырысында қаралып, қаражат қайырымдылық ретінде аударылған.

Алайда Перизат Қайрат бұл бастаманың банктің өзінен шыққанын айтады. Осыған байланысты ол соттан PR қызметінің өкілі Михаил Егормен беттесуге мүмкіндік беруді сұрады. Айтуынша, дәл сол адаммен келіссөз жүргізген.

Банк бұл іске жәбірленуші тарап ретінде танылған. Оның атынан сотта Жорабаев куәлік берді.

Қорғаушы Асланбек Давлетьяров сот отырысында банктен: неліктен дәл сол 300 млн теңге ұрланды деп сенімді айтасыздар, бәлкім ол қаражат шын мәнінде зардап шеккендерге жұмсалған шығар? – деп сұрады. Оның сөзінше, Қайрат 2024 жылдың 2 сәуірі мен 18 шілдесі аралығында 1 млрд теңгеден астам қаржыны моторлы және үрмелі қайықтарға, генераторларға, киіз үйлерге, азық-түлік пен техникаларға жұмсаған.

"Біз тергеу материалдарымен таныстық, тергеу заң аясында жүргізілгеніне көз жеткіздік. Тергеуші ұсынған барлық құжаттарды оқыдық. Бірақ нақты біздің қаражат қайда жұмсалғанын зерттеген жоқпын, сондықтан бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын", – деді Жорабаев.

Сондай-ақ қорғаушы банктен: неліктен ірі қаржы ұйымы 1–2 млн теңгені де мұқият тексеріп барып аударатынына қарамастан, Қайраттың бір ғана хатына сеніп, 300 млн теңгені аударды? – деп сұрақ қойды. Жорабаев бұл шешім банктің басқарма деңгейінде қабылданғанын айтты. Оның сөзінше, сол кезде су тасқынынан тіпті банктің кейбір бөлімшелері де зардап шеккен, сондықтан олар көмек беруге ниет білдірген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар