Павлодарлық зейнеткер Амина Аймағанбетова “Biz Birgemiz” қорына тасқын кезінде аударған 1 миллион теңгесін қайтаруды талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“2024 жылдың 13 сәуірінде Kaspi қосымшасынан “Biz Birgemiz” қорын көріп қалдым. Ол кезде елде су тасқыны болып жатқан, көмектескім келді”, — деді Амина Аймағанбетова сот отырысында.
Оның айтуынша, ол қордың атауына сенім артқан.
“Сол уақытта түрлі қор шыққан еді. Бірақ неге екенін білмеймін, дәл осы “Biz Birgemiz” деген атау сенім ұялатты. Бұл ақша дұрыс жерге барады деп ойладық, сол себепті 1 миллион теңге аудардық”, — деді Аймағанбетова.
Зейнеткер бұл қаражатты су тасқынынан зардап шеккендерге деген аяушылықтан туған ниетпен жолдағанын айтып, енді ол соманы қайтаруды сұрап отыр.
Айта кетейік, Астанада Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Қазір судьялар су тасқыны кезінде жиналған қаражатқа қатысты эпизодты қарауда.
Бұған дейін сот отырысында жәбірленуші тараптан 200 млн теңге аударған компанияның өкілі Галя Исаева сөз сөйлеген еді. Оның айтуынша, сол кезеңде компанияны Перизат Қайраттың әлеуметтік желідегі белсенді жарнамасы сендірген.
"Президенттің су тасқыны кезінде жасаған үндеуінен кейін басшылық зардап шеккендерге көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Бізге Biz Birgemiz қоры сенімді ұйым болып көрінді. 10 мамыр күні акционерлік қоғамның шотынан қорға 200 млн теңге аудардық. Перизат Қайраттың атынан жарияланған жарнамада несие төлемдерін тоқтату туралы үндеу де болды. Бұл да әсер етті – шын мәнінде, халыққа жаны ашитын адам сияқты көрінді", – деді Исаева.
Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлімі 2-тармағы, 218-бабы 3-бөлімі 3-тармағы және 2-бөлімі 1-тармағы бойынша айып тағылып отыр. Biz Birgemiz қоры 2021 жылы құрылған. Тергеу нұсқасы бойынша, олар жалпы көлемі 3,5 млрд теңге жымқырған.
Басты сот отырысы 14 шілдеде басталды. Кеше сотта Biz Birgemiz қорына 83,5 млн теңге аударған блогер мен “Асар Үме” қорының президенті Асхат Нурмашев куәлік берді. Блогердің айтуынша, қаражатты аударғаннан кейін Перизат Қайрат онымен байланысқа шықпай қойған. Ал Асхат Нұрмашев қор атынан Кайраттың қорына 200 млн теңге бергенін мәлімдеді.