"Бірден шотқа ақша аудару - қате". Несиені мерзімінен бұрын жабу кезінде нені білген жөн

Кәмшат Тілеухан 01 окт. 2024 09:52 1739

Қазір мойнында қарызы немесе несиесі жоқ адам кем де кем. Несиені мерзімінен бұрын жабу тиімді екенін бәріміз білеміз. Бірақ қалай, әрекетті неден бастаған дұрыс? Бұл сауалға Dalanews.kz ұсынған осы материалдан жауап таба аласыздар.

Банк немесе микроқаржылық ұйымнан несие алған кезде міндетті түрде төлем кестесі бірге беріледі. Бұл кестеде қарызды өтеу мерзімдері мен сомалары көрсетіледі. Сонымен қатар, Қазақстан заңнамасы қарыз алушыға несиені мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігін ұсынады. Ал мұны Fingramota.kz былайша шағып көрсетеді:

  1. Мерзімінен бұрын несиені жапқанда, сіз тек нақты қарызды пайдалану мерзімі үшін ғана артық төлемді азайтасыз. Егер несие пайызсыз болмаса, мысалы, бөліп төлеу болса, бұл мүмкіндікті қолдану арқылы айтарлықтай үнемдеуге болады.

Несиені рәсімдегенде, осы қаржы құралын қалай пайдалану керектігін түсіну маңызды. Ай сайынғы төлемді жасаған кезде, қаражаттың бір бөлігі банкке аударылады – бұл қаржы институты алатын пайыздар, ал қалған бөлігі негізгі қарызды өтеуге кетеді. Келесі айда пайыздар бүкіл несиеге емес, тек негізгі қарыздың қалдығына есептеледі.

Мысалы, сіз 1 миллион теңге көлемінде несиені 1 жылға 25% мөлшерлемемен алдыңыз делік. Аннуитеттік төлемдер кестесіне сәйкес, төлемдер ай сайын тең мөлшерде жүргізіледі. Мерзімінен бұрын төлем жасаған кезде, бұл ақша негізгі қарызды өтеуге кетеді, ал пайыздар сәйкесінше төмендейді. Осылайша, сіз несиені мерзімінен бұрын жауып, артық төлемді едәуір азайтасыз. Мысалы, егер 2024 жылдың желтоқсанында сіз 300 000 теңгені мерзімінен бұрын жапсаңыз, нәтижесінде несие мерзімін 4 айға қысқартып, 140 531 теңге орнына 89 070 теңге ғана артық төлем жасайтын боласыз. Сонда 51 461 теңге үнемдейсіз.

Егер сіз басқа соманы мерзімінен бұрын жапсаңыз немесе бұл әрекетті бірнеше рет қайталасаңыз, банк қосымшасы арқылы сіз қанша уақыт пен ақша үнемдейтіндігіңізді есептей аласыз.

Несиені мерзімінен бұрын өтеу кезінде жиі кездесетін қателік:

  • ай сайынғы төлем жүргізілетін шотқа ақша салу жеткілікті деп ойлау. Шындығында, арнайы мерзімінен бұрын өтеу операциясын жүргізу қажет. Банк қосымшасында бұл үшін арнайы команда болуы мүмкін. Кейбір қаржы ұйымдары, тіпті арнайы өтініш жазуды талап етеді. Бұл маңызды жайт, себебі егер сіз барлық рәсімді орындамасаңыз, сіздің ақшаңыз шотта тек төлем кестесі бойынша есептеледі, және артық төлем мен несие мерзімін қысқарту артықшылығынан айырылуыңыз мүмкін!
  • кейбір жағдайларда несие мерзімінен бұрын өтелуіне 3 немесе 6 айға дейін тыйым салынуы мүмкін, бұл несиенің ұзақтығына байланысты. Бұл талап несие келісімшартында міндетті түрде көрсетіледі және банк менеджері қарыз алушыға осы жөнінде хабарлауы тиіс. Несиені мерзімінен бұрын өтегенде, ай сайынғы төлем сомасын азайтуға да болады. Бұл жағдайда несие мерзімі қысқармайды, бірақ сіз әр ай сайын аз төлем жасайсыз. Бұл тәсілдің артықшылығы аз, өйткені несиенің ұзақтығы өзгермейді, сондықтан қарыз алушы ұзақ уақыт пайыз төлейді және жалпы артық төлем азайғанымен, мерзімін қысқартқандай үнем болмайды. Дегенмен, кейбір жағдайларда бұл тиімді болуы мүмкін, себебі ондайда жалпы төлем азайып, ай сайынғы ауыртпалық жеңілдетіледі.

Ал ай сайынғы төлемді азайту үшін банкке барып, тиісті өтініш тапсыру қажет.

Несие алмас бұрын, оның мерзімінен бұрын өтеу шарттарын банк менеджерінен нақтылап алу қажет.

Мысалы, заң бойынша банктерге мерзімінен бұрын несиені өтеу үшін айыппұл немесе басқа да санкциялар салуға тыйым салынады, егер:

  • бір жылға дейін берілген несие бойынша 6 айға дейін;
  • бір жылдан астам уақытқа берілген несие бойынша 12 айға дейін мерзімінен бұрын өтелсе.

Сонымен қатар, клиент тек нақты қарызды пайдалану күндері үшін ғана пайыз төлейді. Сондықтан несиелік міндеттемелерді мерзімінен бұрын жабуға кіріспес бұрын, шарттарды мұқият зерттеген жөн.


Рекомендовать
Последние новости