Бір жыл. Асқар Мамин басқарған Үкімет не бітірді?

Dalanews 23 янв. 2020 12:45 815

Өткен жылдың ақпан айында сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев «министрлер кабинеті өз міндеттерін орындай алмады» деп Үкіметті таратып жіберді. Негізінен, Сағынтаев басшылық еткен министрліктерге «сапалы экономикалық өсімді ынталандыра алмады (ЖІӨ өсімі тек шикізат есебінен қамтамасыз етіледі), нақты кірістер көбеймеді, мемлекеттік бағдарламалар тиімсіз жүзеге асырылады» деп айып тағылды.

Міне, содан бері бір жылға жуық уақыт өтті, Асқар Мамин басқарған жаңа Үкімет бұл үдеден шыға алды ма? Әне-міне, яғни ертең - 24 қаңтарда Президенттің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда, әрине есеп сұралады. Елбасы айтқандай,  Бақытжан Әбдірұлы басқарған үкіметтің қолынан келмеген міндеттерді Асқар Ұзақпайұлы тізгіндеген министрлер кабинеті қаншалықты атқара алды? Бұл сұраққа жауап табу үшін келесі талдауларға тереңірек үңілелік.

  1. Сапалы экономикалық өсім және шикізаттық сектордың үлесі


Статистика комитетінің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, дәлірек айтсақ, 2019 жылдың тоғыз айында Қазақстан экономикасы 4,3 процентке өсті, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2 процент пунтке жоғары. Оның үстіне, тау-кен өндірісі өнеркәсібінің үлесі (мұнай өндірісінің төмендеуі және қара металдар өндірісінің төмендеуі аясында) бар-жоғы 0,49 процент пункті құрады, бұл 2016 жылдың аяғындағы көрсеткіштің ең төмен мәні. Бұл арада мұнай өндірісі көлемінің төмендеуі, негізгінен, кен орындарының күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты тұрып қалуынан орын алғанын баса айта кетелік. Ал қара металдар өндірісінің азаюы 2018 жылдың қарашасында «Арселор Митталдағы» апат салдарынан болғанын атап өткен жөн.



 

Соған қарамастан, қызмет көрсету өндірісінің экономика өсіміне қосқан үлесі 2019 жылдың 9 айында 2,3 процент пункті құрады және бұл өз кезегінде 2015 жылдың І-тоқсанынан бергі рекордтық көрсеткіш болып табылады. Бұл арада мұндай күрт өсімге қозғау салған күш, негізгінен, сауда-саттық, көлік, байланыс және ақпарат салалары болып табылады.


Бір сөзбен айтқанда, өткен жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің өсімі шикізаттық бағыттан қызмет көрсету саласына белгілі бір деңгейде ойысып, экономикалық өсімнің сапалық қырын нығайтқанын көрсетті.

  1. Халықтың нақты ақшалай табысы


2019 жылдың 11 айында халықтың нақты ақшалай табысы 5,8% өсті, бұл - өткен жылдың басқа айларындағы нәтижелерін есепке алмағандағысы. Ал бұл 2012 жылдан бергі көрсеткіштердің ең жоғары өсімі болып табылады. Сонымен бірге халықтың нақты ақшалай табысының өсімі ең төменгі жалақының екі есе өсуімен, мемлекеттің әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалатын шығындарының артуымен, сондай-ақ экономиканың барлық салаларында нақты жалақының өсуімен қамтамасыз етілді.

Мәселен, өткен жылдың 9 айында республикамызда нақты жалақы 8,8% -ға өсті (2012 жылдан бастап ең жоғары), бұл ретте ең маңызды өсім ауыл шаруашылығы (13,1%), қаржылық және сақтандыру қызметі (25,9), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет (9,9%), мемлекеттік басқару және қорғаныс (9,7%), білім беру (13,9%) және денсаулық сақтау (12,7%) салаларында байқалды. Өнеркәсіп саласында нақты жалақы – 5,3%, сауда-саттықта – 5,6% және құрылыс саласында 4,2% өсті.


​​Бұл арада нақты жалақының айтарлықтай өсуі нарықтық емес жолмен емес, яғни жалақы қорын қолдан өсіру амалына негізделмегенін баса айта кеткен жөн. Экономикадағы өндіріс саласы рентабельділігін 28% -ға (2019 жылдың І-тоқсанында) дейін ұлғаюын алсақ, бұған экономикалық негіздеме болғанын көруге болады, бұл алдыңғы жылғы 17% көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай өсім (2018 жылдың төртінші тоқсанындағы).

Өз кезегінде нақты ақшалай кірістер мен жалақының өсуі үй шаруашылығындағы тұтыныс көлемін 6% (тұрақты бағалармен) және бөлшек тауар айналымын 5,8% (нақты көлем индексі) артуына алып келді. Осы цифрдан да елдің  нақты жалақы өсімінің артқанын байқауға болады.

  1. Мемлекеттік бағдарламалар


2019 жылдың аяғында Қазақстан экономикасы үшін маңызды бағдарламалардың бірі - 2015 жылы қолға алынған,  екінші бесжылдықтағы – ҮИИДМБ өз мәресіне жетті. Өкінішке қарай, осы бағдарламаның қорытындысы бойынша ондағы 4 мақсатты индикатордың тек екеуіне ғана қол жеткізілгені белгілі болды.

Атап айтқанда, өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына салынған инвестициялардың жалпы мақсатты көлемі 4,50 трлн теңге делінсе, бұл арада 4,89 трлн теңгеге қол жеткізілді, сол секілді өңдеу өнеркәсібіндегі энергия сыйымдылығы 2014 жылғы деңгеймен салыстырғанда 7,0% төмендету керек десек, ол көрсеткіш 2018 жылы 11,5% төмендеп, артығымен орындалды.

Сонымен бірге, өңдеу өнеркәсібінде 2015-2019 жылдарға арналған тауарлар экспортының құны жоспарда 19%  өсіру керек делінсе, ол өсім 8,2% көрсетті,  ал еңбек өнімділігі жоспарға сәйкес, 22% артуы тиіс болса, бұл бағытта игерілген көрсеткіш не-бәрі 4,2%  өсімді құрайды.


Бұл бағдарламаның нәтижелесі осылайша біресе оң, біресе теріс сипатқа ие болды. Бұл, бір жағынан заңды да секілді, өйткені бұл бағдарламаны қазіргі Үкімет Сағынтаевтың министрлер кабинетінен эстафа таяғы құсап, жартылай қабылдап алды емес пе? Осы жағынан алғанда, ҮИИДМБ-2 қорытыныдысы Асқар Мамин Үкіметінің жұмысының тиімділігін толықтай сипаттай алмайды.  Керісінше, ол Бақытжан Әбдірұлы мен оның министрлері қабылдаған шешімдер мен әрекеттерге байланысты болса керек.

Алайда, үшінші бесжылдыққа, яғни 2020-2025 жылдарға арналған ҮИИДМБ-ны қазіргі министрлер кабинеті қабылдап алды, оның мақсаттары, құралдары мен тәсілдері алдындағы индустриялық бағдарламалардан айтарлықтай өзгеше. Бұл да бір өзінше санада үміт ұялатады екен. Міне, осы бағдарламаны жүзеге асыру нәтижелері қазіргі Министрлер кабинетінің бұрынғы Үкіметпен салыстырғанда қаншалықты тиімді жұмыс істегенін көрсете алады. Ал ол үшін бұған кем дегенде 2-3 жыл Үкімет үздіксіз талмай жұмыс істеуі керек.

  1. Экономикадағы өзге трендтер


Шындығын айтқанда, жасыратын несі бар, өткен жылы Қазақстан экономикасында азық-түлік инфляциясының жеделдеуі, экспорттың таза өсімі көрсеткішінің рекордтық деңгейде төмендеуі, валюта бағамының тұрақсыздығы, бюджет тапшылығының ұлғаюы, тұтынушылық несие беру нарығындағы несиелік «инфляция» сияқты бірқатар айтарлықтай жағымсыз тенденциялар байқалғанын атай кеткен жөн.

Алайда, осы жағымсыз құбылыстардың көпшілігі Үкіметке емес, Ұлттық Банктің қызметіне қатысты (валюта бағамы саясаты, тұтынушылық несие көпіршігі, инфляциялық қысым) немесе экономикадағы күтпеген процестерге байланысты (әлеуметтік шығындардың өсуіне байланысты бюджет тапшылығының артуы, мұнай кен орындарындағы жөндеу жұмыстарына және металлургия зауытындағы апаттарға байланысты тауарлар экспортының қысқаруы) туындағанын айта кету керек.


Осылайша, жоғарыда келтірілген дәйектердің барлығы қазіргі Үкіметтің экономикалық саясатының сәтсіздігінен гөрі, керісінше белгілі бір жағдайда оң түсы баршылық екенін көрсете алады. Оған қоса, жаңа Үкіметтің бұрынғысынан гөрі жақсы немесе нашар болғаны туралы қорытынды шығару үшін, әрине ұзағырақ уақыт керек. Ал Мамин Үкіметінің жұмыс істегеніне тек бір жыл ғана болды.

 

Рекомендовать
Последние новости