Білім-инновация халықаралық қоғамдық қоры ұйымдастырған республикалық тіл додасы өтті

Dalanews 03 мая 2017 09:34 882

Алматыдағы Алатау дәстүрлі өнер театрында республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Білім және ғылым министрлігі және Білім-инновация халықаралық қоғамдық қорының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған республикалық тіл додасы осымен тоғызыншы рет өтуде.

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және оны дамыту, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша дарынды оқушыларды анықтау, қазақ тілінде ән айту, мәнерлеп оқу, ғылыми жұмыс қорғау, шығармашылық қабілетін көрсету арқылы Қазақстанның жарқын болашағы үшін аянбай қызмет ететін жастарға қолдау көрсетуді мақсат тұтқан жобаға жыл сайын 5000-нан астам оқушы қатысады. Жоба басталғалы олардың 160-ы алдыңғы қатарлы ЖОО-да білім алуларына мүмкіндік беретін білім гранттарына ие болды. 

Шараны А.Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының директоры Ерден Қажыбек пен Білім-инновация ха­лы­қ­ара­лық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте құттықтау сөзбен ашты. Дархан Өте бұл жобаның ерекшелігі, оқыту тіліне қа­рамастан, мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың арасында еліміздің барлық облыстарынан келген 7-11 сынып оқушылары өз білімдері мен та­ланттарын ортаға салып, 5 бағыт бойынша өзара сайысқа түсетінін тілге тиек етті.
«Бұл шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге ын­тасын арттыра отырып, ұлттық құн­ды­лықтарымызды бойына сіңіру» деді Д.Өте.

Биыл да олимпиадаға еліміздің түкпір-түкпірінен 5000-ға жуық оқушы қатысып, солардың 200-ден астамы республикалық кезеңге өтіп, бақ сынады. Жарыс қоры­тындысы бойынша 1-орынға «Жас ғалым­дар» бағыты бойынша Турал Мамедов, Дана Уразова, «Сөз шеберлері» бағыты бойынша Ирина Новицкая, Батырлан Серікбай, «Жазушылар» бағыты бойынша Гүлбахрам Азнибакиева, Бексеит Қадырбай ие болды. Наргиз Ахмедова, Хасан Сидиков «Әнші-бұлбұлдар» бағыты бойынша үздіктер қатарынан көрінсе, «Тілші-әде­биетшілер» бағытынан Дилнора Ар­тикбаева, Дана Ерғалиқызы топ жарды. Жарыс нәтижесі бойынша ең көп жүлдеге ие болған үздік командалар да анықталды. 1-орынды Оңтүстік Қазақстан облысы еншілесе, 2-орын – Алматы қаласына, 3-орын Жамбыл облысына берілді.

«Жарқын болашақ» қазақ тілі олим­пиадасының өткізілуіне Сүлеймен Демирел университеті жан-жақты қолдау көрсетіп, арнайы білім гранттарын жыл сайын бөліп келеді. Биыл да дәстүрге айналған бұл үрдіс жалғасын тапты. Сүлеймен Демирел уни­верситетінің Бірінші проректоры Салтанат Әмірғалиева барлық қатысу­шыларды құттықтап, бұл шараның мем­лекеттік тілге деген құрметті арттыра түсетінін баса айтты. Сонымен 18 оқушы жоғары оқу орындарының гранттарына ие болды.

Шара барысында Білім және ғылым Министрлігінің және де Білім инновация халықаралық қоғамдық қорының қол­дауымен «Білімдіге дүние жарық» атты республикалық жас ақындар айтысының дүлдүлдері Талғат Мықи мен Әсет Дүйсебаев өнерлерін ортаға салды.

Рекомендовать
Последние новости