Бензин мен дизель отыны қымбаттағалы жатыр. Сарапшылар мұны неге жақсылыққа балайды

Кәмшат Тілеухан 20 янв. 2025 10:36 42937

Ашық НҚА сайтында екі құжат пайда болды. Атап айтқанда, Үкіметпен, соның ішінде Ұлттық экономика министрлігімен келісе отырып, Энергетика министрлігі әзірлеген бұйрық жобалары. Онда жанар-жағармай материалдары - бензин, дизель отыны және сұйытылған мұнай газы бағаларын реттеу және тежеп ұстау тәсілінен біртіндеп бас тарту жайы қамтылған. Сарапшылар қауымы қымбатшылықтан хабар беретін бұл өзгерісті тарихи шешім деп бағалап, оны жақсылыққа балап отыр. Оның себебін Dalanews.kz сайтынан оқып-біле отырыңыздар.

Аталған құжаттарда осы салаларды реформалау мен ырықтандыру мәселесінің пісіп-жетілгенін Энергетика министрлігі былайша түсіндіріп, келесі фактілерді алға тартады:

"Қазақстанда АИ-92 жанар-жағармайының бір литрі 205 теңге болса, Ресей Федерациясында – 288 теңге, Қырғызстанда – 385 теңге, Өзбекстанда – 489 теңге. Қазақстанда дизель отынының бір литрі 295 теңге болса, Ресей Федерациясында – 355 теңге, Қырғызстанда – 427 теңге, Өзбекстанда 528 теңге тұрады. Осы жағынан алғанда, АИ-92 бензині бағасындағы айырмашылық 40%-дан 138%-ға дейін, дизель отыны 20%-дан 79%-ға дейін жетеді. Бұл, өз кезегінде тапшылықты, саланы жаңғыртудың мүмкін еместігін, отынды әртүрлі заңсыз схемалар арқылы шетелге тасуды тудырады. Осыған байланысты Энергетика министрлігі бағаны қалыптастырудың тұрақты моделінің саясатына көшеді. Ол сұраныс пен ұсыныс арасындағы нарықтық теңгерімді құруға, отын тапшылығын жоюға, мұнай өңдеу саласын жаңғыртуды ынталандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және ұзақ мерзімді инвестицияларды тартуға бағытталған".

Екіншіден, сұйытылған газдың 1 тоннасының ағымдағы құны 65-тен 75 мың теңгеге дейін, ал өндіруші зауыттар үшін шекті көтерме баға тоннасына 45,2 мың теңге деңгейінде белгіленген. Осындай шығынды бағаларға байланысты жыл сайынғы жоспарлы күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражатқа келгенде тапшылық туындап жатады. Керісінше, сұйытылған мұнай газы тұтынысы жылдан жылға артып келеді: 2022 жылы 1,8 млн тонна болса, бұл көлем 2024 жылы 2,4 млн тоннаға дейін өсті.

"Бұйрық жобасына сәйкес, көтерме саудадағы  сұйытылған газдың 1 тоннасының шекті бағасы  45,2 мың теңгеден 52 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл ретте бөлшек саудадағы шекті баға өңірлерге байланысты 6 теңгеден 21 теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл шара ішкі нарық сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, газ өңдеу саласына инвестициялар тарту үшін жағдай тудырады".

Ең бастысы, құжатта Энергетика министрлігі бұл саясаттың негізгі принциптері кез-келген өзгерістердің біртіндеп жүруіне және алдын ала болжамды болып табылуына сүйенетінін айтады. "Азаматтардың мүдделерін қорғау үшін әлеуметтік қолдау шаралары жалғастырылады, ал ауыл шаруашылығы өндірушілері ашық схемалар мен қолайлы бағалар бойынша дизель отынына кепілді қолжетімділікке ие бола алады" деп нақтылайды министрлік.

Экономист-маман Ғалымжан Айтқазинннің айтуынша, осы жағынан алғанда, Қазақстан ЖЖМ бағалары мен мұнай өнімдерін реттеу  тұрғысында экономиканы ырықтандыру бойынша қатты кешіксе де саяси шешім қабылдауда тарихи сәтті бастан кешіп отыр деп санайды.

"Мұның бәрі, сайып келгенде, осы салалардың қалыпты дамуының болашағы үшін үлкен игіліктер мен жақсы перспективаларға алып келеді. Бірақ мұндай өзгерісті мүмкіндігінше "жұмсақ" жүргізу өте маңызды, әсіресе халықтың осал топтары мен тұтынушылары үшін. Рас, мұндай тарихи шешімдердің өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар: өйткені бұл қысқа мерзімде шығындар мен инфляция тұрғысынан ауыр болуы мүмкін, бірақ ұзақмерзімді перспективада фундаментальды бағаны нарық айқындайтындай етіп, сондай-ақ ішкі және сыртқы инвесторлар үшін бірқатар салалардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға негізі болады", - дейді ол.

Ең бастысы, маман мемлекет квазимемлекеттік сектор арқылы жыл сайын осы бағаларды ұстап тұру және шығынды өндірістерді қолдау үшін триллиондаған теңгені "жағуға" мәжбүр екенін еске салады. Оның айтуынша, осы арадан жасалған орасан үнем ақшаны бізде өзге қажеттіліктерге жұмсау мүмкіндігі туар еді. 

Ал Halyk Finance Басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов, тіпті мемлекеттік реттеуге жататын ЖЖМ бағаларын ырықтандыруды біртіндеп емес, бір мезетте жүргізу керек деп санайды.

"Энергетика министрлігі айтқандай, бөлшек саудадағы бағаны біртіндеп босататын болса, онда осы кезеңде жеке инвестициялар тиімсіз болып қала береді, ал әлеуметтік шиеленістің біртіндеп артуына байланысты бағаларды кезең-кезеңімен ырықтандыру процесі кілт тоқтау ықтималдылығы жоғары болады. Ал басты бенефициарлар (отын бағасын субсидиялау), керісінше қалталы шаруашылықтарға айналады. Осы жағынан алғанда, жұмсалып жатқан үлкен бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалып, іс жүзінде кедейлерді қолдауға бағытталмайды, субсидияларды алып тастау ақшаны үнемдеуге және әлеуметтік әділеттілікті арттыру үшін шынымен қажетті шараларға бағыттауға мүмкіндік береді", - дейді ол.


Рекомендовать
Последние новости