Белгілі кәсіпкерден психологиялық қысым көрген инфокәсіпкер желіде жазба жариялады

Қаракөз Амантай 16 сент. 2024 15:56 4905

Инфокәсіпкер әрі блогер Ақбота Әнуарбек үш жыл бұрын бастан өткерген оқиғасын көпшілікпен бөлісті. Айтуынша, ол қазақ қоғамына есімі белгілі кәсіпкерден психологиялық қысым көріп, 24 млн теңгеге алданған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Соңғы жылдары елімізде инфобизнес саласы қарқынды дамып келеді. Көптеген курстар, марафондар, семинарлар мен тренингтер - осыған дәлел. Заман ағымына сай, нарықтағы жаңа мамандықтың жілігін шағып, майын ішкен жандар жетіп артылады. Сонымен қатар қайнаған қазанының ортасында жүріп, аузы күйген жандар да жоқ емес. Солардың бірі - қаржы эксперті, блогер Ақбота Әнуарбек.

Жақында тикток желісінде Әнуарбектің көз жасына ерік берген видеосы тарап кетті. Көпшілік оны дұрыс түсінбей, түрлі пікір жаза бастады. Мұнда блогер белгілі кәсіпкердің үлкен сомаға қалай алдағаны туралы айтқан. Блогер көптің қызу талқысына түскен видеоға пікір білдіріп, инстаграм желісінде осы жайттың толық нұсқасын бөлісті.

“Ақбота Әнуарбек не үшін жылады? Бұл видеоны қазақ инфобизнесінде курс пен менторлық алатын адамдарға сабақ болсын деген мақсатта айтып отырмын.

Мен 2021-2022 жылдары бір кісіден сабақ алғанмын. Әдетте, білім алу барысында екі тарап та қанағаттануы керек. Алайда менің курсқа мүлдем көңілім толмады. Содан 2022 - 2024 жылдар аралығында депрессияға түсіп, өзіме деген сенім жоғалып кетті. Сол күйімді дәл қазір терапия ретінде көшілікпен бөліскім келді. Курс алатындар алдымен менің тәжірибеме құлақ асса екен деймін. Курс алмас бұрын маманның нәтижесі мен кейстарына көз жүгіртіп, тұтынушыларының кері байланысына назар аудару қажет. Мен бес жыл бойы осы инфобизнес саласында жұмыс істеп келемін, сторис арқылы өнімдерімді сатамын. Өздеріңізге мәлім, соңғы 3 жылда сториске шыға алмай кеттім.

Сол 2021-2022 жылдары 24 миллион теңгеге сабақ сатып алғанмын. Ол сабақтан психологиялық әрі эмоционалды қысым көргенімді үш жыл өтіп, жарасы жазылып, бояуы сіңгеннен кейін бөлісіп отырмын. Ешкімнің атын атап, түсін түстемеймін. Алдын ала айтқым келеді, бүкіл елдің алдында біреуді кінәлап, іскерлік репутациясына нұқсан келтіремін деген ниет жоқ. Мен жай ғана өз оқиғаммен бөлісемін. Қалай болды, бастан аяқ бар шындықты айтып беремін. Оны көрген және сөзімді 100 % дәлелдеп беретін ең жақын туыстарым мен достарым бар. Сонымен қатар осы оқиғаға куә болған инстаграмда ондаған мың оқырманым бар. Алайда ол кісіні қанша сұрасаңыздар да есімін айтпаймын. Бұл әрекетім үшін кешірім сұраймын. Бірақ бұл менде үш жыл өтсе де жарасы жазылғанымен, тыртығы қалды. Мен тіпті сол кісінің курсын сатуға да атсалыстым. Егер сол уақытта өз тарапымнан қателік жіберген болсам, аудиториямнан кешірім сұрағым келеді”, - деді ол.

Оның сөзінше, ұстаз ретінде сыйласқан жанмен таныстығы 8 жыл бұрын бастау алған. Сол бір жылдары инфобизнес саласында кәсіпкердің аты шығып, қазақ аудиториясында топ жарып тұрған кезі екен.

“Мен оны инстаграм арқылы 2016 жылы таныдым. Інім “білесің бе, бір қазақ кісі халал тамақ жасайтын бизнес орталығын ашыпты, блогерлармен жарнама жасап жатыр” деп құлаққағыс етті. Сөйтіп мен де қызығушылық танытып, фейсбуктен парақшасына жазылып, жазбаларын оқи бастадым”, - дейді блогер.

Ақбота 2016 жылы Астанада 150 мың теңге жалақыға кеңесші болып жұмыс істеген. Айлықтан байлыққа асыққан жас қыз көптің аузында жүрген кәсіпкермен кездесуді қалайды.

“Бір күні ол кісі Астанада кешкі уақытта “Плов брейк” деген тренинг өткізетінін жеткізді. Бағасы 12 мың теңге болды. Мен ақшамды төлеп, бардым. Сол кезде маркетингке байланысты қиын терминдер айтылды. Мен оларды түсіне қоймадым. Сол тренинг маған қатты ұнады және оқуға деген құштарлығымды оятты. Сөйтіп 2017 жылы әртүрлі жобалар болды. Менің құрбым сол кісіде оқыған болатын. Ескертіп айтайын, көп адамның аттарын атамаймын. Сөйтіп ұстаз болған кісіні кафеде көріп қаламын. Амандасып, суретке түсіп, көргеніме мәз болдым. Қатты үлгі тұтатын едім. Маған “кәсіпкер келбетін” көрсеткен адам болды.

Осылайша 2018 жылы ресейлік кәсіпкерлердің бизнес курстарына қатыса бастадым. Ал бұл кісі қазақша жүргізетін. Cөйтіп 2018 жылдың соңында Мәскеуге аттандым. Аяз деген кісінің 6 млн теңге тұратын курсына қатыстым. Ол кезде төлейтін ақшам жоқ, қарызға кіріп кеткенмін. 6 млн төлейін деп тұрған жігітке, “мені де алып баршы” деп өтініш жасадым. Сөйтіп Аязға мына жігіт ақшасын төледі, бірақ егер сіз шығып кет десеңіз, солай істеймін дедім. Аяз үндемеді. Сөйтіп 6 ай бойы хостлда тұрдым. Білім алу барысында инстаграмдағы бизнестің бәрін үйреніп алдым. Ол кезде жасым 27-де”, - дейді ол.

Осылайша Әнуарбек 2019 жылы Аяздан алған білімін сата бастайды.

“Студенттерімнің пікірлерін инстаграм мен фейсбукке сала бастадым. Бұлардың барлығын қазақ ұстазым да бақылып отырды. Содан соң маған инстаграмнан жазды. Осы уақытта менің намысыма тиетін әрекеттер басталды. Не үшін тегін сатып жатқанымды бетіме басып, жеке шекарама өте бастады. Мен де аңғалдықпен ақтала бастадым”, - дейді ол.

Кәсіпкер тарапынан осыған ұқсас қысымдар жылдар бойы жалғасын тапқан. Тіпті ол өзгенің емес өзінің курсын сатып алуға үгіттеген көрінеді. Алайда Ақбота бастапқыда оған мән бермеген. Нәтижесінде, білім алу мақсатында 24 млн теңгеге алданып қалған.

“2019 жылы 3 миллион теңгеге алғашқы курсын сатып алдым. Ал 2021 жылы жеке тәлімгерлігінен өттім. 3 миллион теңгелік сабағында үш қана кездесу болды. Оған мүлдем көңілім толмады. Бір нәрсе үйрендім деп айта алмаймын. Тіпті сол кезде ақшамды кері қайтаруын сұрап, талап ете алмағанмын. 2020 жылы ақымақтығыммен алғыс айту мақсатында оған тағы миллион теңге аудардым. Бұл шамамен тамыз айының аяғы еді. Ақшаны бергенім сол, қазан айында күйзеліске түстім. Екі ай үйден шықпадым”, - дейді блогер.

Ақботаның бұл жазбасы оқырмандарды ойландырып қойды. Тіпті көбі алдаған ұстазының кім екеніне болжам жасап, бір жақты пікірге келуде. Соның ішінде Қуаныш Шонбайдың есімі бірнеше рет аталған.

“Шонбайдың шаңын қақтың ғой”, “Шонбай ма бұл кісі?”, “Мен Ақботаны Шонбай арқылы таныдым”, “Атын атап айтқаныңыз дұрыс болатын еді” деген пікірлер жазылған.

Табалап жатқан оқырмандардың пікірін нақтылау үшін Қуаныш Шонбайдың да парақшасына шолу жасап көрдік. Дегенмен ол бұл жағдайға байланысты ешқандай жазба жарияламаған.


Рекомендовать
Последние новости