Бекболат Тілеухан: "Назарбаев не деп еді? Қазақша айтуға болатын еді ғой?"

Dalanews 22 апр. 2020 07:22 984

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан қазақ әріптестерінің мемлекеттік тілде сөйлемейтініне қынжылып, оларға өтініш айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz  Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Бекболат Тілеухан сөз алып, мемлекеттік тілде сөйлемейтін қазақ әріптестеріне өтініш айтты.

"Сіздер дұрыс түсініңіздерші. Депутаттық этикаға қайшы келетін сөз айтып жатқан жоқпын. Сіздерді түзеп те жатқаным жоқ. Тек бір өтінішім бар. Бұл  қазақ тілінің мәселесі. Мемлекеттік тіл депутаттық сауал беру рөлінен айырылған сияқты күй келтіреді. Өткенде алты-жеті депутаттық сауал болды, біреуі де қазақша айтылған жоқ. Бүгінгі алты сауалдың бесеуі де мемлекеттік тілді қажетсінген жоқ. Бұл жерде Елбасының "қазақ қазақпен қазақша сөйлессін" дейтін сөзі ойға оралады. Мына, қазақ депутаттар, сіздер қазақша айтуға болатын еді ғой", - деп ашынды Тілеухан.

Мәжілісмен депутаттық сауал табан астында айтыла салатын дүние емес екенін, оған үлкен дайындық пен терең зерттеу жасалатынын атап өтті. Көмекшілер мен аударма бөліміне жүгінуге болатынын еске салды.


"Түрлеріңіз қазақ, ал ауыздарыңыздан бірде бір сөз мемлекеттік тілде шығып жатқан жоқ. Жалпы, қазақ тілінің Қазақстан Республикасынан басқа барар жері, басар тауы жоқ. Ол егер парламент қабырғасында өгейдің күйін кешсе, басқа жерде күйі не болмақ. Сіздер айып етпеңіздер, құрметті әріптестер. Қалай болады сонда? Қазақ емес, қазақша сөйлей алмайтын адамдарды ешкім қинамайды. Ал сіздердің мүмкіндіктеріңіз бар ғой", - деп қапаланды депутат.

Бекболат Тілеухан әріптестерінен мұны дұрыс түсінуді өтінді.

"Мен сіздерді қорлайын деп жатқан жоқпын. Баяғыда біреу "қарнымның ашқанынан емес, қадірімнің қашқанынан жылаймын депті ғой". Менікі де сол", деп түйіндеді сөзін мәжілісмен.

Рекомендовать
Последние новости