Белгілі кәсіпкерлер Алматы облысының медицина қызметкерлеріне гуманитарлық көмек көрсетті

Dalanews 23 апр. 2020 12:06 981

«Universal Energy (Qazaqstan)» компаниясы мен қазақстандық кәсіпкерлер Асқар Алшынбаев, Евгений Фельд, Нұржан Бекшенов, Есенғали Бәйменов және Райымбек Баталов Covid-19 инфекциясымен күрестің алдыңғы сапында жүрген Алматы облысының медициналық және басқа да ұйымдарына гуманитарлық көмек жүктерін жеткізіп берді. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің  баспасөз қызметі мәлімдеді.

Гуманитарлық көмекте Қытайда жасалған бірнеше рет пайдалануға арналған Dupont костюмдері, инфрақызыл термометрлер, маскалар, респираторлар, қорғаныс көзілдіріктері сатып алынған. Барлық керек-жарақтарды сатып алуға кәсіпкерлер 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсапты. Медицина өкілдеріне арналған жабдықтар Қазақстанға арнайы рейспен әкелінген.

Қорғаныс құралдары індетпен күрес шараларына тартылған медициналық және басқа да ұйымдарға бөліп беру үшін облыс әкімдігіне тапсырылды. Барлық медициналық бұйымдар мен амуниция қытайлық және еуропалық кәсіпорындарда өндірілген, еуропалық сапа сертификаттарына ие.

– Гуманитарлық көмекті ұйымдастыру барысында бізге көмек көрсеткен ҚР Сыртқы істер министрлігіне, еліміздің Қытайдағы және Қытайдағы Қазақстанның елшіліктеріне алғыс айтамыз. Олар логистикалық қиындықтарды шешуге көмектесіп, елімізге қажетті құралдарды жеткізуге барынша көмек көрсетті. Заманауи жеке қорғану құралдары біздің медицина мамандарына коронавируспен күресте үлкен көмек болады деп сенеміз, – деп атап өтті қайырмдылық акциясының бастамашылары. 


Бұл көмекті Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев қабылдап алды.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін берік ұстанып, осындай қиын-қыстау кезеңде өңірге қолдау білдірген азаматтарға облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев ризашылығын білдірді.

–  Облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан «Universal Energy» (Qazaqstan) компаниясының құрылтайшылары И.Нан, Болат Әбілов пен Ораз Жандосовтардың көрсеткен қолдауларына, қамқор ниеттеріне алғыс айтамыз, – деді С.Тұрдалиев.

Еске салсақ, «Universal Energy (Qazaqstan) компаниясы жаңартылған энергиялық нысандардың құрылысымен және оны іске қосумен айналысады. Алматы облысы аумағында аталмыш компанияның «Қапшағай 100 МВт» күн электр станциясы жұмыс істейді. Оған қоса Іле, Сарқан аудандарында тағы екі стансаның құрылысы жүріп жатыр.

Анар САБЫРОВА, Алматы облысы. 

Рекомендовать
Последние новости