Байбектің заңгері: «Мамай мен Иманбаеваны «дәлелдерін» көпшілік алдында талқылауға шақырамын»

Dalanews 26 авг. 2021 05:15 891

Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің талап-арызы бойынша Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қатысты өткен бірнеше сот процесі жөнінде талапкер тарапының мүддесін қорғаушы заңгер Айжан Тәшенова өзінің Facebook-парақшасында бірқатар деректермен бөлісті.

Оның айтуынша, 2 сот инстанциясында да жауапкерлердің барлық мәлімдемелерінің негізсіз және жалған екені дәлелденген. Ал жауапкерлер сотқа өздерінің ұстанымын растайтын бірде-бір дәлел келтіре алмаған.

Енді заң бойынша Мамай мен Иманбаева өздерінің әлеуметтік желілерінен және Youtube-арнасынан бейнематериалдарды жойып, сол жерде өздерінің жала жабу мәлімдемелерін теріске шығаруы тиіс. Бұған қарамастан, соттың заңды шешімін орындаудың орнына Мамай қоғамдық пікірді бұрмалап, тағы да шу шығарып, деструктивті акциялар ұйымдастырып жатқанын алға тартты Тәшенова.

– Осыған байланысты Мамай мен Иманбаеваға тікелей эфирде 2 мың парақтан тұратын бүкіл дәлелсымағын бірге қарастыруды ұсынамын. Егер олар өздерінің дұрыстығына сенімді болса, онда оны көпшілік алдында дәлелдесін.

Мен сондай-ақ кезінде жауапкерлер жарыққа шықпаған сараптамасына сүйенген заңгер Бақытжан Базарбекті де шақырамын. Толық объективтілік үшін мүдделі емес тарап ретінде әрекет ететін барлық әлеуметтік желі пайдаланушыларына да осыған қатысуды ұсынамын.

Мен ашық және конструктивті әңгіме барысында нақты фактілерге сүйене отырып, барша дүдәмал жәйттерге нүкте қойғым келеді. Біздің кездесуге қатысушылардың әрқайсысы әлеуметтік желілерде өз трансляциясын жүргізсін, – деді заңгер.

Сонымен қатар, Тәшенова 2021 жылғы 31 тамызда сағат 12.00-де Нұр-Сұлтан қаласындағы кеңсесінде кездесуге ұсыныс білдірді. Жиынға қатысу үшін өзінің телефон нөмірін де қалдырған.

Рекомендовать
Последние новости