Батыс Ташкентті Қытай мен Ресейдің уысынан шығарып алмақ – Forbes

Dalanews 20 апр. 2021 15:22 1008

Forbes America-ның саяси шолушысы Мелик Кайлан Өзбекстан авторитарлы Қытай мен Ресейдің ықпалынан өз күшімен құтыла алмайды деп санайды. Батыс тез арада Ташкентке қол ұшын созуы қажет.

Dalanews.kz сараптаманы сайт оқырмандарының назарына ұсынғанды жөн көрді.

Орта Азияны сөз еткенде Батыс пен АҚШ бірінші кезекте Өзбекстанмен тіл табысуы тиіс. Уақыт өте келе бұл ел аймақты алға сүйрейтін, көшбасшы мемлекетке айналады. Алайда бұған Қытай мен Ресей килігер болса, Ташкент әуелгі жүрісінен жаңылып, әлгі екеуінің жетегінде кетуі мүмкін.

“Орта Азия соңғы екі ғасырда алғаш рет ешкімнің қас-қабағына қарамай емін-еркін өмір кешуде. Аймақ елдері ешкімнің боданы емес. Өзбекстан әзірдің өзінде аймақтың тізгінін ұстауға жарайтын әлуетке ие. Ташкентке өзінің ғана емес, аймақтың тағдырын айқындайтын ауыр миссия жүктелген. Іргесіндегі екі державаның қысымына шыдас беретін шамасы бар. Бұл үшін Батыс Өзбекстанды қолтығынан демеп, барынша қолдау көрсетуі қажет”, – дейді Forbes сарапшысы.



Пікірінше Өзбекстанның өркендеуі іргесіндегі Ауғанстанға да оң әсер етеді. Ауғандағы ахуал асқынар болса, бұдан бірінші кезекте Батыс елдері зар илейді.

Батыстың бүгіні ғана емес, болашағына да қатер төнуі мүмкін.

Соңғы жиырма жылды ислам өркениетіне қарсы күреске сарп еткен Еуропаның дәл қазір күші сарқылған. Мұсылман әлемімен алысып-жұлысып жүргенде – Ресей мен Қытайдың тыңайып, нығайып алғанын тым кеш аңғарған.


“Өткен жиырма жыл босқа кетті. Жалған, құр қиял мен қауесетке құрылған алдамшы қатерді желеу етіп жиырма жылымызды жоғалттық. Негізгі қарсыласымыз әсте Ислам әлемі емес еді.

Енді кешіксек Қытай мен Ресей сорымызды қайнатады. Бұл екеуі күллі өркениетке қауіп төндіріп тұр. Ауғанстанды Батысқа қарсы қару ретінде пайдалануы ғажап емес.

Қытай да, Ресей де талайдан бері Орта Азияны айналсоқтап жүр. Аймаққа әмірімді жүргізсем, арзан шикізатқа ауыз салсам, мұнай мен газға, алтын мен уранға басыбайлы иелік етсем деп армандайды. Орта Азияны уысында ұстаған держава Иран мен Пәкістанды да иліктіре алады”, – дейді сарапшы.



Айтуынша Бейжің аймақ арқылы ілгерідегі екі елдің негізгі сауда серіктесі болуды көздейді. Күні кеше Тегеранмен 400 млрд доллардың келісімшартына қол қойған Бейжің Иранның арзан мұнайын тоқтаусыз тасымалдайтын мүмкіндікке ие болды. Тегеранға өз кезегінде санкцияның қыспағынан құтылып, табыс табатын жол ашылды.

Мелик Кайлан топшылағанындай Бейжің осы арқылы долларды халықаралық айналымнан ығыстырып шығармақ. Қытай валютасы Иранның қоржынын қампайтар болса, Тегеран да өзінің ядролық бағдарламасын қайта “тірілтуі” мүмкін.



“Мәскеу? Ресей Орта Азияны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келді. Кремль аймақты соңғы екі ғасыр бойына билеп-төстеді. Қазір де алысқа ұзатқысы жоқ. 90-шы жылы тәуелсіздік алған аймақ елдері әліге дейін Мәскеуге жалтақтайды. Өз тағдырын өзі айқындайын десе Кремльден именеді. Орта Азия әлі де болса өзіне ғана тән сүрлеуге түсе алмай келеді. Бұған Ресей ерік бермей отыр”, – дейді сарапшы.

Мелик Кайлан осы арада бір жылдары Қазақстанның Ресейдің бұғауынан босап шыққысы келгенін мысалға келтіріпті. Алайда мұның қай кезде болғанын, нақты қалай көрініс бергенін нақтыламаған екен.

Айтуынша қазір аймақ елдері бас біріктірудің орнына, тарыдай шашырап жатыр. Көпшілігінің экономикасы Ресейге тәуелді. “Стан” дейтін жалғауы бар аймақтағы елдердің дерлігінде Кремльдің әскери базалары орналасқан. 




Орта Азияны экспанциялаудан Қытай да қалыс қалар емес. Сарапшының айтуынша Бейжің “Бір жол - бір белдеу” жобасы арқылы Орта Азияның элитасын коррупцияның батпағына батырады. Қытайдың астауынан жем жеген шенеунік автоматты түрде Бейжің құлақкесті құлына айналады.

“Қазақстандағы мұнай кен орындарының 25 пайызына Қытай компаниялары иелік етеді. Түркімен газының тең жартысын игеріп отыр. Бейжің мұнымен шектелмесі анық.

Аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлеріне ауыз салып, осы кәсіппен айналысатын Қытайдың көне кәсіпорындарын Орта Азияға кіргізуді көксейді. Қырғызстан мен Тәжікстан Қытайдың “Эксимбанкіне” белшеден қарыз”, – дейді Кайлан мырза.

Ұзын сөздің қысқасы, Батыстың бар үміті - Өзбекстанда. Орта Азиядағы өзге елдерді Қытай мен Ресей тең бөлісіп алудан тартынбайды. “Ал бірақ Ташкентке тісі батпайды”, – дейді сарапшы. 


25 жыл бойы ел билеген Ислам Кәрімовтың дәуірінен кейін Өзбекстан айналасы бес-алты жылдың ішінде қауырт өзгеріп, едел-жедел өркендей бастаған. Мирзияев келгелі төрт жылда Өзбекстан Кәрімовтің саяси мұрасынан біржолата бас тартқан.

“Кәрімовтың тұсындағы Өзбекстан мен Мирзияевтың тұсындағы мемлекет екі бөлек ел. Түнекүні ғана Ташкентке сапар шектім. Елдің өзгеріп, түрленіп жатқаны бірден байқалады. Кәрімовтың тұсындағы Солтүстік Кореяның ұстанымына ұқсас саяси жүйе марқұммен бірге келмеске кетіпті.

Мирзияевтың кезіндегі Өзбекстан – Сингапур мен Малайзияның экономикалық даму жолын бағдарға алған екен. Ташкенттің туристік потенциалы өз алдына бөлек әңгіме. Күндердің күні осы елдегі тарихи ескерткіштерді тамашалау үшін Өзбекстанға жүздеген, мыңдаған турист ағылып келеді. Самарқан мен Бұқара Венецияны басып озады”, – дейді Forbes сарапшысы.

Өзбек жерін құмары қанғанша аралаған Мелик Кайлан жергілікті жұртпен де дидарласқан екен. Қазіргі саяси жүйеге көңілі толмайтын, өкпелі адамды кезіктірмепті. Өзбектер ел үкіметіне дән риза. Мирзияевтың мақтауын асырған халық көп.

“Батыс осы жағдайды, осы мүмкіндікті мүлт жібермеуі керек”, – дейді ол.


Ол үшін Ташкентті Кремльден ажыратып алатын стратегияны қазірден бастап әзірлеген жөн.



Сарапшы пікірінше Мирзияев билігінен үлкен үміт күтетін өзбектердің оптимизмін Қазақстанмен салыстыруға келмейді. Назарбаев билігінің алғашқы 10 жылында қазақтар да дәл осындай күй күшкен. Алайда үміт ақталмаған.

“Мирзияев Кәрімовтың де, Назарбаевтың да жолымен жүргісі жоқ. Керісінше, солардың қателігінен сабақ алған сынды. Демократияны бөтенсінбейтін мінезімен Батысты баурап алғаны өтірік емес. Ой еркіндігін, сөз бостандығын қоғамның аяқ алысына қарай бірте-бірте кеңітіп келеді. Мирзияев бұл арада да көрегенділік танытып отыр. Орта Азияда Саакашвилидің саясатын жүзеге асыру мүмкін емес.  Тым-тым батыстанып кетер болса Қытай мен Ресейдің назарына ілігерін түсінеді”, – дейді сарапшы. 


Оның айтуынша Мирзияев билікке келген бастапқы жылдарды көршілермен арадағы байланысты жақсартуға жұмсаған. Орта Азияны бір жұдырыққа жұмылдырып, өзіндік сауда нарығын қалыптастырғысы келген.

Аймақ елдері ауызбіршілікте болса, түркітілдес елдердің шаңырағын ешкім шайқалта алмайды деген ұстанымда болған. Мұнымен шектелмей Батыс пен АҚШ инвесторлары үшін өзбек шекарасын айқара ашып тастаған.

Өзбек басшысы Батыс инвесторлары елдің экономикалық әл-қуатын артырғаннан бөлек, қажет кезде қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді деп сенеді.

“Мирзияев әлемге Мәскеудің көзімен қарағысы келмейді. Кремльдің айтқанына құлдық ұрып, бас шұлғи беретін жасық, жасқаншақ мінезден ада. Қытайға да бағынғысы жоқ. Бейжіңмен терезесі тең дәрежеде сөйлескенді қалайды.

Батыстың Ташкентке қол ұшын созатын кезі – осы тұс. Өзбекстанды Ресей мен Қытайдың уысынан шығарып алғымыз келсе Мирзияевқа жан-жақты әрі түрлі деңгейде қолдау көрсету қажет. Өзбек билігі Батыспен қойын-қолтықтасып жұмыс істеуге кет әрі емес. Бұл мүмкіндікті жіберіп алмау керекпіз”, – дейді Мелик Кайлан.



Оның пікірінше Өзбекстан “Ресей мен Қытай құдай қосқан көрші. Тағдырға мойынұсынудан өзге жол жоқ…” дейтін құлдық сананың тас-талқанын шығаруға тақау тұр.

Ташкент еркіндік мен шынайы тәуелсіздікке ұмтылуда. Екі бүйіріндегі гегемонның тасасынан шығып, өз жолымен жүргенді қалайды. Бірақ Батыстың көмегінсіз бұл миссия орындалмайды. 


“Осы күнге дейін Мәскеудің қысымына ұшыраған, әрі бізбен одақтасуға ниетті талай мемлекеттің обалына қалдық. Оларды дер кезінде демеу керек еді. Ендігәрі бұл қателікті қайталамауға тиіспіз.

Үндемеген үйдей бәледен құтылмайды. Мәскеу Грузияға басып кірмек болды, үндемедік. Украинаға әлімжеттік жасағысы келді тағы да тасада қалдық. Өткен күнгі сәтсіздіктер синдромға айналып кетпесін! Өзбекстанды ескерусіз қалдырмауымыз қажет, Ташкент біздің сенімді серігімізге айналуға тиіс”, – дейді сарапшы.

Әзірлеген Думан БЫҚАЙ


 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости