Батыс Қазақстанның өндірістік ұжымдары вакцина салдыруда белсенділік танытуда

Dalanews 29 июл. 2021 11:30 790

Батыс Қазақстан облысында 160 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Олардың жартысынан көбі екпенің екінші компонентін алып үлгерді. Аймақтағы ірі кәсіпорын ұжымдары бұл бағытта белсенділік танытып жатыр. Кейбір өндіріс ошағында жұмысшылардың 90%-ынан астамы вакцина алған. 

Бұл туралы БҚО кәсіпкерлік басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Думан үш жылдан бері Оралдағы жиһаз зауытында оператор болып еңбек етіп жүр. Арнаулы білім алмаған. Кәсіпорынға келгеннен кейін тәжірибе жинақтап, қазір кәсіби маман болды. Зауытта жұмысшылар да, тұтынушылар да көп. Сондықтан қауіпсіздік басты назарда. Думан елде дерт дендеген уақытта бейжай қалмай, вакцина салдырды. Қазір бұрынғыдай қорқыныш жоқ екенін айтады.

Ауырған жоқпын. Жақсы қабылдадым. Ең бірінші өзіңнің қауіпсіздігің үшін ғой. Сосын ортаңдағы адамдардың қауіпсіздігі үшін. Алмаған адамдарға алуға кеңес беремін, - деді Думан Нағиев.

БҚО-да ең үлкен жиһаз зауыты жұмыс істейді. Мұнда мыңға жуық адам еңбек етеді. Өндіріс орнында шығарылған тауарларға сұраныс жоғары. Республиканың барлық аймағымен қатар, Ресей, Армения, Қытай, Түркия елдеріне де экспортталады. Ішкі және сыртқы нарықта қызу жұмыс жүріп жатқандықтан, әрбір еңбеккердің рөлі мен денсаулығы маңызды. Олар күн сайын жүздеген бөгде адаммен байланыста болады. Сондықтан ұжымның шамамен 95 пайызы індетке қарсы екпе салдырып үлгерген. Бұл көрсеткіш – жергілікті кәсіпорындар арасындағы жоғары нәтиже.

Мен адамдарды жаппай вакциналау дұрыс деп ойлаймын. Қатерлі дертті қоғам болып жеңуіміз керек. Біздің ұжымда басында біразы жүрексінгені рас. Медициналық қызметкерлер кәсіпорынға келіп, жұмысшылармен кездесулер өткізді. Түсіндіру жұмыстарынан соң өз еркімен екпе салдырғандар үлесі күрт артты. Біздің фабрикада осыған дейін ешкім індет жұқтырған жоқ. Дегенмен барлығы сақтық үшін осындай шешім қабылдап жатыр, - деді кәсіпорынның бас директоры Михаил Пшеничный.

Нан өнімдері комбинатында да вакциналау науқаны қарқынды. Өз еркімен екпе салдырғандардың бірі Динара Кәрімова дертке қатысты үрей мен күмәннен арылғанын жеткізді. Тәжірибелі маман кәсіпорында 11 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ол қамбадағы бидай мен өндірілген ұнның сапасына жауапты. Ал ірі камбинаттың нан өнімдері жүздеген дүкеннің сөресі мен мыңдаған шаңырақтың дастарханында тұрады. Тиісінше өндіріс орнында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ескермеуге мүлде болмайды.

Өзімнің, жанұямның, әріптестерімнің және барлық тұтынушының денсаулығын ойладым. Нан өнімдері күнделікті тұтынатын ең қажетті тағам. Ал оны біз өндіретін болғандықтан, барынша сақ болуымыз керек, - деп атап өтті кәсіпорынның зертхана маманы.

Бұл комбинатта 225 адам еңбек етеді. Тәулігіне 20 тонна макарон, 260 тонна ұн өндіріледі. Өнімдер жергілікті нарыққа және Ресей, Өзбекстан елдеріне шығарылады. Кәсіпорын аймақта алғашқылардың бірі болып вакциналау науқанына қолдау көрсеткен еді. Бүгінде екпе алғандардың үлесі 90 проценттен асты.

Кәсіпорын жұмысшыларының 195-і вакцина салдырды. Ал қалған адамдар денсаулығына байланысты салдыра алмады. Пандемия кезінде өндіріс қуаты төмендеді. Табыс көлемі де азайды. Ал дағдарыстан шығып, жұмысты одан әрі жандандыру үшін еңбек күші мен олардың денсаулығына басым бағыт берілді. Қазір ұжымдық иммунитет қалыптастырып, табысты еңбек етіп жатырмыз, - деді кадр бөлімінің маманы.

Аймақта ірі кәсіпорындар жетерлік. Әрбір зауытта кемінде жүздеген адам табыс тауып жүр. Еңбек ұжымдары дертке қарсы қоғам болып жұмылуды жөн көріп, жаппай үлес қосып жатыр.

 

Рекомендовать
Последние новости