Батыс Қазақстанда Наурыз мерекесі кеңінен аталып өтті

Жарбол Кентұлы 22 мар. 2024 17:23 9158

Батыс Қазақстан облысында Наурыз мейрамы кеңінен тойланды. 22 наурыз күні Орал қаласында мерекелік іс-шара өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары концерттік бағдарламаны, театрландырылған қойылымдарды тамашалады.


Өңір тұрғындарын Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Наурыз мейрамымен құттықтады.
«Барша жерлестерімді Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Әз Наурыз – ұлтымыздың болмысын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тәлім-тәрбиесін, руханиятын айшықтайтын мейрам. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен он күн бойы жаңа форматта тойланып жатқан Наурыз мейрамы көптің көңілінен шықты.


Президентіміз кешегі құттықтауында ел игілігі жолында атқарылатын жұмыстарға да тоқталды. Өңірлердегі жылу орталықтары және инженерлік желілер жаңғыртылады. Елімізде 12 мың шақырым жол салынып, жөнделеді. 300 мың адам табиғи газдың игілігін көре бастайды.

Ауыл және аудан тұрғындары үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспайтын болады. Жалға берілетін баспана саны бірнеше есе көбейеді.

Мұның бәрі халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді деген болатын Президент. Халыққа арналған осындай игі шаралар міндетті түрде Батыс Қазақстан өңірін де қамтиды.

Біз тұрғындарға қажетті –әлеуметтік, медициналық нысандарды, жол салуды, тұрғын үй құрылысын жүргізуді және тағы да басқа маңызды жұмыстарды жалғастыратын боламыз», - деп атап өтті Нариман Төреғалиев.


Тұңғыш Президент алаңына жиналған облыс тұрғындары киіз үйлерге кіріп, ән, күй тыңдап, ұлттық тағамдардан дәм татты.
Наурыз мейрамы Батыс Қазақстан облысының әр ауданында кеңінен аталып өтті.

 


Рекомендовать
Последние новости