Алматы облысында Ассамблея мүшелерінің қатысуымен кеңес отырысы өтті

Анар Сабырова 19 мар. 2024 17:11 2163

Алматы облысының әкімдігінде Ассамблея мүшелерімен кеңес отырысы өткізілді. Алқалы жиынды облыс әкімінің бірінші орнбасары Нұрлан Әбдірахым төрағалық етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дөңгелек үстелге аймақтағы аудан әкімдері мен этномәдени бірестіктің төрағалары, аналар және ақсақалдар кеңесінің мүшелері мен қоғамдық медиаторлар қатысты.

Нұрлан Әбдірахым, ең алдымен жиынға қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтай келе, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы рөлі маңызды екенін атап өтті.

– Тұрақтылық пен этносаралық келісімнің нәтижесінде ел экономикасы дамып, әлеуметтік жағдайы жылдан-жылға артып келеді. Алматы 105 этнос өкілі тату тіршілік құрып, түрлі салаларда табанды еңбек етуде. Бүгінгі күнде облыста 26 этномәдени бірлестік, 146 Аналар кеңесі, 141 Ақсақалдар кеңесі және 26 қоғамдық медиатор жұмыс атқарады, – деді Нұрлан Әбдірахым.

Жалпы кеңес отырысында Ұйғыр және Еңбекшіқазақ аудандарындағы этносаралық келісімді нығайту және Алматы облыстық Ассамблея мүшелерінің ротациясы және Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXХІIІ (33) сессиясына қатысушылар тізімін бекіту мәселесі қаралды.

Жиын барысында күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз, Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова баяндама жасады.

Ал, екінші мәселені талқылау барысында жалпы дауыс беру арқылы Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі төрағасының жаңа орынбасары сайланды.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік кеңесінің төрағасы облыс әкімі болып табылады. Ал орынбасары жыл сайын сайланады. Биыл Алматы облысы күрд этномәдени орталығының басшысы Гамзе Гейдаров орынбасар болып сайланды. Оның орнына татар – башқұрт этномәдени орталығының бұрынғы орынбасары Эльдар Юлдабаев келді.

Жиынның қорытындысына сәйкес, Алматы облысының ішкі саясат басқармасы, «Қоғамдық келісім және даму орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, аудандар мен Қонаев қаласы әкімдіктеріне бірқатар тапсырмалар берілді.

Ендігі кезекте, тіркеуден өтпеген этномәдени бірлестіктер мемлекеттік тіркеумен қамтылуы тиіс. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері  этносаралық шиеленістің алдын алу жұмыстарына белсене қатысуы міндеттелмек.

Бұдан өзге, аудандар мен Қонаев қаласының әкімдері этномәдени орталықтардың жанынан ән-би ансамбльдерін құрып,  үйірмелер ашуға қолдау білдіруі керек.

Жиын соңында Нұрлан Әбдірахым, қабылданған шешімдер уқытылы әрі сапалы іске асуы қажеттігін ескертті.


Рекомендовать
Последние новости