Баталовтың тұсында салынған зауыт қаңырап тұр - Талдықорған тұрғыны

Көркем Алдабергенова 27 мая 2024 16:48 3784

Талдықорғанда бюджет қаржысына салынған зауыт жұмыс істемей тұр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы жергілікті тұрғын мәлімдеді. Зауыт Амандық Баталов әкім болған тұста 1,3 миллиард теңгеге салынған. Бұл  майлы дақылдарды өңдеу зауыты болған.

«Бұл - «елес» зауыт, жай ғана муляж. Ол жердегі құрылғылардың барлығы жұмыс істемейді. Олардан ақау шығып, зауытта жұмыс істеген адамдар зардап шеккен. Құрылғылар істесе де ары кетсе екі ай ғана жұмыс істеп тұрды. Сонда 1,3 миллиард теңге қайда кетті? Бұл сұрақтың жауабын ешкім анықтағысы келмейді», - дейді тұрғын.

Талдықорған тұрғынының сөзінше, құзырлы органдар зауыттың істемей тұрғанынан хабардар болғанымен, ешқандай шара қолданбай отыр екен.

«Мемлекет, прокуратура, тергеу органдары бәрін біліп отыр. Биылдың өзінде президент әкімшілігіне дейін үндеу жасадым. Бірақ мемлекет қаржысы қайда жұмсалғанын ешкім анықтағысы келмейді. Оның артында кім тұрғанын, неге бұлай істеп отырғандарын білмеймін. Егер қарапайым адам мемлекетке 1,3 миллиард қарыз болса, оны баяғыда түрмеге қамап тастар еді», - дейді тұрғын.

Оның сөзінше, зауытта дұрыс жұмыс істемей қалған құрылғылардың кесірінен жарақат алған қызметкерлерге әлі күнге дейін өтемақы төленбеген.


Рекомендовать
Последние новости