"Басе" каналының авторы Садықовтың көзін құрту қазақ билігіне тиімсіз - сарапшылар

Көркем Алдабергенова 19 июн. 2024 11:14 496085

Күні кеше оппозициялық журналист Айдос Садықовқа Киевтегі үйінің ауласында қастандық жасалды. Әйелі Наталья Садықова екеуі отырған көлік жаққа белгісіз біреу келіп, журналиске оқ атқан. Салдарынан Садықов жарақат алып, қазіргі таңда ауыр жағдайда жатыр. Әлеуметтік желіде Айдос Садықовқа қастандық жасауға қазақ билігі тапсырыс берген деген ақпарат желдей есіп жүр. Журналистің әйелі Наталья Садықова да солай есептейді. Сарапшылар бұл жайлы не дейді? Dalanews.kz тілшісі шолу жасады.

"Бараева" телеграм арнасындағы мәлімет бойынша, журналиске қастандық жасалардан бірнеше күн бұрын анонимдер Айдос пен Натальяның бұғатталған аккаунттарындағы материалдарды жариялауды сұраған көрінеді.

"Материалдар шынайы, оның ішінде, интим материалдар да бар. Әлдекім ерлі-зайыптының айналасында жанжал тудырғысы келген сияқты. Қастандық жасалған күні Садықовтардың каналында Тоқаевтың айналасындағы "Кремль агенттері" туралы видео пайда болды. Наталья қастандықты қазақ билігі жасады деп есептейді. Егер мұның бәрі болмағанда Айдосқа жасалған қастандықты тұрмыстық оқиға деп есептеуге болар еді. Бірақ бұл оқиға тым саясиландырылып кеткен секілді", - деп жазылған Бараева каналында.

Отандық саясаттанушы Ғазиз Әбішев те Садықовқа жасалған қастандыққа қазақ билігінің қатысы бар деген ақпаратқа қатысты ойын айтты. 

"Ақ-Орданың қатысы бар дей салу өте ыңғайлы. Бірақ бұл тұста бірнеше сұрақ туындайды. Садықовқа қастандық жасау Қазақстан билігіне қандай пайда әкеледі? "Басе" – танымал, бірақ қарапайым оппозициялық канал. Бәріне белгілі идеяны талқылап, елдегі жағдайға ауыз толтырып айтарлықтай әсер ете қоймайтын канал. Басқа елдің аумағындағы осындай қастандық қадамы халықаралық этикалық нормаларды өрескел бұзу болып саналады, олардың сақталуын Қазақстан мұқият қадағалап отырады.

Украиналық арнайы қызметтер батыстың арнайы қызметінің көмегімен әсіресе Киевте барлау кордондарын салған. Біреу олардың алдын орап кеткен. Оны Қазақстан істеді деп санау – демек қазақтың күштік аппараты соғысып жатқан Украинаның аумағына еркін кіріп кетеді дегенге сенумен бірдей. Бұл жерде де күмән тудыратын сұрақтар бар. Жалпы жағдай мынандай: барлық тұстан ақпараттық шабуыл жасалып жатқан, санкцияға ұшырауы мүмкін Қазақстан аяқ асты желідегі автордың бірінің көзін жоюды шешеді екен, ол үшін соғыс территориясында тұрған елде қастандық ұйымдастырыпты-мыс. Саяси тұрғыда келіспейтін тұстар бар. Бірақ тергеу нәтижесін күту керек", - дейді Әбішев.

Ал "Чемодан госсекретов" телеграм арнасындағы сарапшылар түрлі оппозициялық каналдар Садықовқа жасалған қастандықты Астананың мойнына іліп қоймақ екенін айтады.

"Ал шын мәнінде "Басе" каналын қазір ешкім қауіпті канал ретінде қарастырмайды: оларда ақпарат та, елдің ішкі жағдайына әсері де жоқ. Садықовтың русофобтығын ескерсек, қастандық жасау тек Кремльге тиімді. Қастандық жасау Ақордаға тиімсіз: "Басе" каналына қажетсіз көңіл бөліне бастайды, үлкен күш-жігерді талап етеді және ресми Астананың іс-қимыл қағидатына сәйкес келмейді. Садықовқа жасалған қастандық бенефициарларының тізімі белгілі: олар Қазақстанды Батыспен де, Ресеймен де араздастыруды ойлап отыр", - дейді канал сарапшылары.

Бұған дейін Украинаның Бас прокуратурасы Садықовқа жасалған қастандыққа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлаған еді. 

Айта кетейік, Айдос Садықов Украинада ресми босқын мәртебесін алған. 2023 жылдың қазан айында Садықовқа Қазақстанда "әлеуметтік, ұлттық, рулық, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны" үшін іздеу жарияланған болатын.


Рекомендовать
Последние новости