Еуропалық компаниялар қазақстандық Полиметаллдан бас тартуда

Қаракөз Амантай 18 июн. 2024 14:53 8047

Қазақстандық алтын өндіруші "Полиметалл" компаниясының басына тағы да қара бұлт үйірілді. Олар ресейлік активтерін сатып жіберсе де, еуропалық банктермен және жеткізушілермен бұрынғы мәміленің түйінін әлі де шеше алмай жүр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шетелдік The Financial Times агенттігінің мәлімдеуінше, өндіруші тарап кәсіпті қайта қалпына келтіруге және екі жылдан кейін Лондон биржасына шығуды көздеп отыр.

Алайда еуропалық несие беруші тарап, соның ішінде Société Générale және Raiffeisen компаниялары FTSE 100 тізіміндегі бұрынғы алтын өндірушімен жұмыс істеуден бас тартуда. Соған байланысты "Полиметалл" маңызды жабдықтар мен қаржыландырудың балама жолдарын іздестіру үшін қытайлық жеткізушілерді жағалауға мәжбүр.

Ақпан айында Polymetal "Mangazeya Mining" АҚ компаниясына ресейлік сегіз алтын-күміс кенішін 3,7 миллиард долларға сатып, топты қазақстандық екі кенішке қысқартты. Ал Батыс санкциялары мен активтерді Ресей Федерациясының ережелеріне сүйене отырып сату сәтті де айтулы мысалдардың бірі болды.

Компания сәйкестік сынағы кезінде Полиметалл төңірегінде туындаған келеңсіздікті жою үшін Solidcore Resources ретінде ребрендинг жасап, 2026 жылға қарай Лондон нарығына қайта оралып, Қазақстанда құны 800 миллион долларды құрайтын өңдеу зауытының құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Топ 2023 жылы Украинада дағдарыс басталғаннан кейін қайта құрылымдау аясында Қазақстанда тіркеуден өту барысында тізімнен шығарылған еді.

"Полиметалл" АҚ және оның еншілес компанияларындағы бас атқарушы директор Виталий Несис Financial Times басылымына берген сұхбатында Ресеймен бұрынғы және қазіргі байланыстарына тоқтала отырып, кәсіптің мән-жайын баяндап берді. Сонымен қатар ол қордағы 233 миллион долларға қарамастан, 2028 жылы қайта өңдеу кешені салынғанға дейін ақсап тұрған дивидендтер саясаты мен инвесторлар мәселесіне алаңдаушылық танытты.  

"Қолда бар қаражатымызға қарамастан, біз өте қауіпті жағдайда тұрмыз. Сондықтан сыртқы қаржыландыруға тәуелді болмайтын әрі тұрақты санкциялар жағдайында негізгі пайда көзі бар ауқымды және күрделі нысан салуымыз керек", - деді ол.

"Қазіргі таңда бүкіл аймақтағы жағдай бұлыңғыр болып тұр және бұл геосаяси мәселе екі жылдан бес жылға дейін жалғасуы мүмкін", - деп қосты ол.

Несистің айтуынша, Ұлыбритания, Германия және Франция жеткізушілерімен жұмыстың тоқтауына байланысты құрал-жабдықтарды қытайлық жеткізушілерден алуға мәжбүр. Бұл өз кезегінде қосымша қолайсыздықтардың туындауына әкеледі.

"Өндірістік шындық мынада, біз Қытайдан бәрін сатып ала аламыз, дегенмен біз бұрыннан келе жатқан таныс жабдықты пайдаланғымыз келеді", - деп қосты ол.

Полиметалл Қазақстанда өндірілген жабдықтарды Ресейдегі Амур кен байыту фабрикасына жөнелтуді жалғастыруда. Ол Мангазеяға сатылды. Егер компания аталмыш қайта өңдеу тасымалына қол жеткізе алмаса әрі Қытайдан жоғары мамандандырылған жабдықтарды талап етсе, кірістің айтарлықтай төмендеуіне әкелуі мүмкін.

АҚШ Қаржы министрлігі "Полиметалл" сатқан ресейлік активтерге қарсы санкциялар салды.  Десе де қазақстандық компания белгілі бір шарттарды сақтай отырып, өзінің шикізатын Амурскіге қайта өңдеуге жібере алатынына кепілдік берді.

Астанада орналасқан топ алдағы 24 айда Raiffeisen, Société Générale,  Еуропалық Қайта құру және Даму банкі басқаратын несие берушілеріне 400 миллион доллар төлеуі керек.

Несис Polymetal барлық санкцияны орындағанымен,еуропалық банктер ақшаларын қайтарып алған бойда байланыстарын үзуге дайын екенін айтады.

"Біз санкцияларды дұрыс ұстанатын болсақ, аталмыш банктер қолданыстағы жағдайға шыдас береді. Алайда олардың ары қарай қарым - қатынас жалғастыруға қызығушылығы жоқ", - деді ол.

"Біз бұл қорларды айналымнан шығарған кезде басқа банктермен қарым - қатынас орнату қиын да күрделі болмақ. ... бәлкім, бұл америкалық банктер болуы мүмкін".

SocGen және Raiffeisen банктері түсініктеме беруден бас тартты.

Еске салайық, бұған дейін Polymetal International plc компаниясы акционерлер жиналысында мақұлдаған және барлық кейінге қалдырылған шарттардың орындалғанын және  "Мангазея Плюс" АҚ компаниясына "Полиметалл" АҚ-ның топтың  ресейлік активтерінің холдингтік компаниясының 100% акциясын сату бойынша  бұрын жарияланған мәміленің сәтті жүзеге асқанын хабарлаған еді.

"Біз акционерлердің ресейлік бизнесті сатуға қолдау көрсеткеніне қуаныштымыз. Бұл мәміленің жабылуымен негізгі тәуекелдер жойылды. Енді менеджмент бойынша мамыр айында капиталды бөлудің жаңа стратегиясы мен саясаты енгізіледі", – деді Polymetal-дың бас атқарушы директоры Виталий Несис.

2024 жылғы 19 ақпанындағы мәміле шарттарында көрсетілген келісім негізінде компания таза сыртқы қарызының көлемін 2,2 миллиард АҚШ долларына қысқартқан. Салықты шегергеннен кейін 1,04 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі топішілік қарызды толығымен өтеді және компания салықтарды төлегеннен кейін 300 миллион доллар көлемінде қаражат алған.


Рекомендовать
Последние новости