Әлеуметтік желілерде тараған «банктер қарыздарды жаппай кешіреді» деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, екінші деңгейлі банктердегі кредиттерді жаппай есептен шығару туралы ешқандай шешім қабылданбаған.
«Әлеуметтік желілерде тараған банктердегі кредиттердің кешірілуі туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Азаматтарды жалған мәліметтерге сенбеуге, тек ресми дереккөздерге жүгінуге шақырамыз. Сондай-ақ әртүрлі делдалдардың “көмегіне” жүгінбеуді ұсынамыз. Әдейі жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін еске саламыз», – деді агенттік өкілдері.
Ведомствоның атап өтуінше, бүгінде Қазақстанда қарыз алушылардың банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимылына арналған бірыңғай жүйе жұмыс істейді. Барлық мәселелер заң аясында осы жүйе арқылы шешілуі тиіс.
