Пара үшін сотталған экс-әкімге құрмет атағы берілді

Самал Асқар 10 янв. 2026 15:20

Сыбайлас жемқорлық үшін сотталған бұрынғы әкім Нұрлан Сыдықов Абай облысында "Құрметті азамат" атанды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бесқарағай аудандық мәслихаты жариялаған құжат бойынша, Сыдықов ауданның құрметті азаматтары тізіміне енгізілген.

Құжаттағы қысқаша сипаттамада оның аудан басшысы болған кезеңінде бірқатар әлеуметтік нысандар салынғаны айтылады. Атап айтқанда, Мостик пен Башкүл ауылдарында мектептер бой көтерген, балабақша құрылысы басталған, аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған. Сондай-ақ аурухана мен колледжге жөндеу жүргізіліп, орталық алаңға субұрқақ орнатылған, тұрғын үйлер жаңғыртылған, бағдаршамдар қойылған, Ардагерлер үйі ашылған және Абай Құнанбаевтың бюсті орнатылған.

Еске салайық, 2018 жылы ҰҚК Сыдықовтың кәсіпкерден жер телімін қайта рәсімдеуге көмектесу үшін 800 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған еді.

2019 жылдың наурызында сот оны пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 29,5 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттеліп, әрі мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салды.


Рекомендовать
Последние новости