«ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС баспасөз қызметі Шымкент мұнай өңдеу зауытының жанармай ұрлығына қатысы бар деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Компания өкілдерінің айтуынша, зауыттағы барлық айдау және жөнелту процестері толық автоматтандырылған, қабылдау-тапсыру актілерімен рәсімделеді және бақылаушы органдар үшін ашық.
Сондай-ақ кәсіпорын бірқатар жарияланымдарда аталған «Шымкент Мұнай Өнімдері» АҚ-ның МӨЗ-ге қатысы жоқ екенін және зауыт аумағынан тыс орналасқанын нақтылады. Зауыт қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр.
Еске салайық, кеше Dalanews.kz Шымкентте көлеңкелі айналымы 1 млрд теңгеден асатын жанармай ұрлау схемасының жолы кесілгенін хабарлаған болатын. ІІМ мәліметінше, істің барлық фигуранттары ұсталып, тергеу жүргізілуде.
