Шымкентте мұнай өнімдерін ұрлау схемасы әшкереленді

Сағыныш Сардарова 09 қаң. 2026 09:06

Шымкентте мұнай өнімдерін ұрлау схемасы әшкереленді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

7 қаңтарда Шымкент қаласының Полиция департаменті жедел іс-шаралар нәтижесінде жанар-жағармай материалдарын заңсыз шығару арнасын ұйымдастырған адамдарды ұстады. Қылмыстық схемаға мұнай өңдеу зауытымен байланысты кәсіпорындардың бірінің қызметкерлері тартылып, олар мегаполис тұрғындарымен сөз байласқан.

Ұрланған отынды қылмыстық схеманы ұйымдастырушыларға тиесілі бірнеше база аумағында сақтау және сату дерегі анықталған. Қаражаттың көлеңкелі айналымы 1 миллиард теңгеден асады.

"Тінту кезінде ірі көлемде ақша, 17 тоннадан аса жанар-жағармай, отынды сақтау және айдау құралдары, сондай-ақ, бірнеше автокөлік цистернасы тәркіленді. Барлық күдікті ұсталып, аса ірі көлемде ұрлық дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс аясында Шымкент мұнай өңдеу зауыты қызметкерлерінің қылмысқа, соның ішінде контрабандаға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр", - деді ІІМ өкілі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар