БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Dalanews 31 янв. 2015 03:12 1292

«Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асқаннан кейін Кіші Арал теңізі, көптеген су айдындары, көлдер қалпына келіп, балық аулау көлемі 15 есеге артқанын Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

балык

Соңғы 3 жылда облыста балық аулау көлемі 40 пайызға өссе, соның ішінде, кіші Арал теңізі бойынша балық аулау 33,6 пайызға ұлғайған. Бүгінгі таңда, облыста балық шаруашылығына маңызы бар Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені мен жергілікті маңызды 179 көл бар. Сол Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі мен 149 көл табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімді пайдалануға бекітіліп берілгеннен кейін, Сыр өңірінде балық өңдеу саласы қарқынды дами бастаған. Арал, Қазалы аудандарында жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан астам 8 балық өңдеу зауыттары жұмыс істеуде. Шығарылып жатқан негізгі өнімдер балық филесі, ысталған, мұздатылған, қатырылған балық, балық ұны.

2013 жылдың соңында бұрынғы «Атамекен балық өңдеу» зауыты жергілікті кәсіпкерге жалға беріліп, «Арал балық өңдеу зауыты» болып қайта құрылған болатын. Кәсіпорын әкімшілігі халықаралық сапа стандарты мен еурокод алу бағытында шаралар жүргізіп, біраз жұмыстар атқарған. Кәсіпорын балық өнімдері негізінен елімізде Алматы, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Ресей, Грузия мемлекеттеріне жіберілуде. Сонымен қатар, Австрия, Германия, Польша мемлекеттерімен келісімдер жасалуда. Осылай балық өнімдерінің экспортының көлемі артып келеді. Айталық, 2014 жылы құны 3,1 млн. доллар болатын 500 тоннадан астам балық өнімдері Грузия, Дания, Польша, Австрия, Германия мемлекеттеріне экспортталған. Тауарлы балық шаруашылықтарын дамыту облыста өткен жылдан бастап қолға алынғаны белгілі. Соңғы 2 жылда 9 шаруашылыққа тауарлы балық шаруашылығы статусы берілді. Алдағы 2-3 жылда олардың санын 20-ға жеткізу шаралары жүргізілмекші. Осыған байланысты, Арал өңірінің балықшылық кәсібін одан әрі жетілдіру мақсатында, облыс әкімдігі Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамытудың 2015-2017 жылдарға арналған Жол картасын бекітті.

 

Рекомендовать
Последние новости