Балалар музыка әлеміне саяхат жасады

Dalanews 15 февр. 2018 03:57 1117

Алмалы ауданына қарасты № 9 балабақшада Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында «Балалардың шығармашылық қабілетін бейнелеу өнері және түрлі музыкалық әрекеттер арқылы дамыту» тақырыбында ашық ұйымдастырылыған оқу қызметі өткізілді. Оған қалалық білім басқармасының өкілдері, балабақша меңгерушілері, әдіскерлер, музыкалық жетекшілер және бір топ тәрбиешілер қатысты.

Аталмыш семинарды ең бірінші №9 балабақшаның меңгерушісі Шолпан Кабидулақызының өзі ашып, кіріспе сөз сөйледі.

– Мұны өткізудегі негізгі мақсат – бейнелеу және музыкалық өнер арқылы балалардың шығармашылық қабілетін арттыру. Бұл ретте бала қиялын дамыту маңызды болып табылады. Ал мектеп жасына дейінгі баланың қиялын дамытуда бейнелеу өнері мен музыка сабақтары жетекші рөл атқарады. Бүгінгі біздің ұйымдастырып отырған шараға Алматы қаласындағы балабақшалардан жоғарғы топтың тәрбиешілері, музыкалық жетекшілер, әдіскерлер, балабақша меңгерушілері, сондай-ақ, педагогтар білімін жетілдіру институтының және қалалық білім басқармасының өкілдері қатысып отыр. Бүгін бұл шара бізде өтсе, ертең басқа балабақшаларда да өтеді. Сонда біз де оларға барып, тәжірибе алмасатын боламыз. Балалардың шығармашылық қабілетін дамыту тәсілдерін бір-бірімізден үйреніп, артық-кем тұстарымызды бірлесіп түзететін боламыз, – деді Шолпан Кабидулақызы.

Айта кетейік, бұл ретте бүлдіршіндердің қатысуымен өткен сабақ бірден екі орында өткізілді. Біріншісін, музыка жетекшісі Наталья Кухаренко жүргізсе, екіншісін, жоғарғы топтың тәрбиешісі Тамара Крюкова жүргізді. Біз Музыка залындағы «Музыкалық өнер музейі» тақырыбында өткен дәріске қатыстық.

Бір ерекшелігі, мұнда музыкалық ойындар арқылы балалардың денсаулығын, шығармашылығын нығайтуға басымдық берілген. Балалар музыканы мұқият тыңдай отырып ести білуге, ырғақтарды айыра білуге үйренеді екен. Осы арқылы олардың музыкаға қызығушылығы артады.



Бір қуанарлығы, мұнда балалар күй атасы – Құрманғазының өмірі және шығармашылығымен танысты. Сазгер, асқан дүлділ домбырашының күйлерін тыңдады. Одан кейін жеткіншектер күйші-композитор, қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері Дина Нүрпейісованың шығармашылығымен танысып, күйлерін тыңдап, өз өнерлерін де паш етті.

Күй – қазақтың ежелден-ақ мұңдасы, сырласы, жансерігі. Күйдің ғажаптығы сол – өмірдің мән-маңызын ұқтырады. Күй ойға жетелейді. Адам боп өмір сүруге, жақсылыққа, ізгілікке ұмтылдырады. Сондықтан да қазақтың құдіретті күй өнерін бүлдіршіндердің бойына сіңіруге тырысу өте құптарлық іс деп есептейміз.

Іш-шара соңында балақайлар ән айтып, би билеп, қазақтың ұлттық ойыны – көкпардан жарыс өткізді.

 

Рекомендовать
Последние новости