Айтжанов бокстағы нәтиже үшін кешірім сұрап, көзіне жас ала жаздады

Көркем Алдабергенова 08 авг. 2024 10:02 2902

Қазақстан Республикасының бокстан ұлттық құрама командасының бас бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жатықтырушысы Мырзағали Айтжанов бокстағы сәтсіздік үшін кешірім сұрап, көзіне жас ала жаздады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы ол қазақстандық телеарналарға берген сұхбатында айтты. 

"Елдің жанкүйерлерін түсінемін. Біздің жекпе-жектерге көңілдері толған жоқ. Сол үшін кешірім сұраймыз. Ешкім ұтыламын деп келген жоқ. Жігіттердің бәрі барын салып, күресті. Жақсы дайындықпен келдік. Бірақ сәттілік жетпеді деп ойлаймын, ешкімді кінәламаймын. 

Бәрін өзімізден көреміз. Бұйырмай тұр, кем-кетік бар шығар. Сол үшін жеңіске жетпеген шығармыз. Бірақ жігіттердің бәрі шаршаған жоқ. Небір сөздер естіп жатырмыз. "Шаршады, дайныдық нашар" деп. Бүкіл әлем, әріптестерім біздің балаларға риза болып отыр. Ал біздің ел бізді даттап жатқанында қалай ел боламыз деп ойлаймын. Ал былай бәріне рақмет. Мүмкін қатты елдің намысын ойлап, солай айтып жатқан шығар. Бірақ бәрі аман болсын. Қазақпыз, бір-бірімізді осындайда қолдамағанда қашан қолдаймыз?", - дейді Айтжанов. 

Қазақстан осымен екінші олимпиада қатарынан бокстан алтынсыз қалды.

Қазақстан 2024 жылғы жазғы олимпиада ойындарына бокстан екі медаль: күміс және қоламен қайтты.

Айта кетейік, 2020 жылы Токиода өткен жазғы Олимпиада да қазақ боксы үшін сәтсіз болды. Сол жылы Қазақстан бокстан екі қола медаль (Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев) алды.  

Ал 2016 жылы Риода өткен Олимпиада ойындарында боксшы Данияр Елеусінов Қазақстанның қоржынына алтын медаль салған болатын.  

Бұған дейін белгілі саясаткер, мемлекет қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амалбек Тшан Қазақстандағы бокстың  жай-күйіне байланысты пікір білдірді. Кеңес Одағы кезінде бокстан гүрзі жұдырығымен қарсыластарын талай мәрте сұлатып түсірген ардагер спортшы елдегі спорт ахуалын сынап тастады. 


Рекомендовать
Последние новости