Белгілі адвокат Жохар Өтебеков марқұм Шерзат Болат ісіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, оқиға орнында 15 адам болғанымен, тек бір адам кісі өлтірді деп айыпталып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Адвокаттың мәліметінше, тергеу барысында 13 адам күдікке ілініп, 11-і қамауға алынған. Алайда сотқа тек 9 адам жеткізіліп, олардың ішінде кісі өлтіру бойынша нақты айып тек бір адамға тағылған. Қалғандарына “бұзақылық” бабы бойынша іс қозғалған.
“Біз бәріміз видео көрдік. Егер бұл топтық кісі өлтіру болмаса, онда не? Полиция мен прокуратура неге “Хутордың” жігіттерін кінәсіз деп есептейді?” — деп жазды Жохар Өтебеков әлеуметтік желідегі парақшасында.
Адвокаттың айтуынша, судья сот процесін заң аясында жүргізіп жатыр, бірақ айыпталушылардың көпшілігін бастапқыда босатып жіберген тергеушілер мен прокурорлар соттың қолын байлап отыр.
“Бәлкім, бір жылдан кейін бұл “бұзақылар” шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығып, тағы да біреулердің “ұйқысын бұзуы” мүмкін”, — деп қосты Өтебеков.
Ол сондай-ақ күдіктілердің уақытша ұстау изоляторында тойлағаны туралы деректерге және олардың сот залындағы күлкісіне назар аудартып, бұл жайттар заң мен әділеттің толық салтанат құрмағанын көрсететінін айтты.
Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.