Авазадағы астарлы ақиқат. Аркадагтың арқасын сипаған қазақ алақаны

Dalanews.kz 05 авг. 2025 19:00

Мемлекет басшысы теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйледі. Dalanews.kz осы турасында сарапшы Айбар Олжайдың жазбасын қаз-қалпында ұсынуды жөн көрді.
 
Қазақ үмітін арқалаған киелі тұлпарымыз «Airbus Prestige» біраз күн Алматы әуежайында тыныстаған еді. Берекелі әкім Дархан Сатыбалды жақсартып жатқан Алматы ауасын жұтып тұрған қанатты тұлпардың тыныштығын БҰҰ Төрағасы Антониу Гутерришті Көктөбеде қыдыртқан Президент Тоқаев бұзды да, Түркімен елінің Аваза курортындағы Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің конференциясына асықтырды.
 
Рамалы конференция, жылдағы күн тәртібі бір-біріне ұқсайды. Бірақ еліміз осы үлкен алаңды пайдаланып, біраз нәрсені шешіп алғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қасым-Жомарт Кемелұлы алдымен шаңыраққа, артынан ұйымдастырушыларға рахмет айтып, «аймақтағы шектеулі байланыс - теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің басты проблемасы. Бұл транзит және сауда шығыны, сондай-ақ геосаяси факторларға осалдық секілді біршама экономикалық қиындық тудырады. Аталған кедергілер азаматтардың әл-ауқатына әсер етіп, бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді. Түрлі қақтығыстар, экономикалық санкциялар, жеткізу тізбегінің бұзылуы және жаһанда сенімсіздіктің белең алуы жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Дегенмен Қазақстан теңізге шығар жолы жоқ дамушы мемлекеттерді жаһандық мәселелердің шешімін табуға атсалысатын тең құқылы әрі перспективті серіктес ретінде қарау керек деп санайды. Мұндай елдердің үні анық естілуге тиіс, ал біздің өзара ынтымақтастығымыз терең, ұжымдық ұмтылысымыз батыл болуы қажет», – деді.
Шекарасы теңізге шықпаса да, еліміздің құрлықтағы орны теңізге бергісіз болып отыр. Мен Қазақстанды «құрғақ теңіз» деп атар едім. Себебі біздің жеріміз теңізден жылдам. Қытай теңіз арқылы Еуропаға тауарды 45 тәулікте жеткізеді. Ал біз арқылы Каспийге 5 күнде шығады. Мемлекет басшысы да конференцияда Қазақстанның осы тұсына жақсы акцент берді.
«Орта дәліз және «Солтүстік – Оңтүстік» бағдары бойындағы көлік жолдары мен транзит инфрақұрылымын дамытуға баса мән береміз. Түпкі мақсатымыз – темір жолдың, автокөлік жолдарының, сондай-ақ авиация мен логистика орталықтарының біртұтас желісін құру. Бұл Қазақстанның Еуразиялық транзит хабы ретіндегі позициясын нығайтады. Қазіргі кезде Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы еліміз арқылы өтеді», - деп ескертті Президент.
Және сөз соңында бір маңызды сөйлемді әдейі айтты. Ол: «Қазір теңізге шығар жолымыз болмағанымен, келешекте амалын табамыз».
Президент Тоқаевтың осы сөзі және ниеті қазақ халқының ертеңіне үлкен ықпал ететін сияқты. Бұл біздің болашақта Каспийді кесетін құбыр, көпір мәселесін шынымен де ойластырып отырғанымыздан хабар береді. Ердоған-Әлиев тандемі Армениядағы Зангезур коридорын реттесе, бізге тез арада Транскаспий мәселесіне нүкте қою керек. Сонда Қазақстан мен Әзірбайжан Қытай мен Түркияны қосатын болады. Дәл осы кезде Каспийдің оңтүстігіндегі іргелі, бірақ нейтралды ел Түркіменстанның маңызы мың еселеп артпақ. НЕГЕ?
Осы жылы Каспийді жағалайтын бес елдің геосаяси бағыттары айқындала бастады. Ресей мен Иран тандем құрап, әскери стратегиялық одаққа бірігуде. Қазақстан мен Әзірбайжан мүдделес болып бір бағытқа қарап отыр. Енді Каспийде екі тараптың бірі басымдық алу үшін оларға Түркіменстанды өзіне тарту керек. Осы кезде, әлемдегі мықты деп саналатын қазақ дипломатиясы Авазадағы кездесуді ұтымды пайдаланып кетеріне күмән жоқ.
 
Галкыныштан Солтүстік-Оңтүстікке дейін
 
Қазақстан халықаралық «Солтүстік-Оңтүстік» логистикалық маршрутының белді мүшесі. Бұл жұмыс істеп тұрған жоба. Ресейден шыққан жүк Қазақстан арқылы өтіп Түркіменстанға, ары қарай Иранға өтіп Парсы шығанағына жол ашады. Керісінше, Парсы шығанағы да Ресей арқылы Еуропаға шығып жүрді. Қазақстанның дер кезінде Болашақ станциясын салуы осы жобаны өте тиімді қылды да, қазір Иранға шығу үшін көптеген елдер біз арқылы осы жолды пайдаланады. Біздің астығымыздың негізгі күретамыры да осы магистраль. Сондықтан Ашхабад пен Астана арасындағы жылы қарым-қатынас біздің экспорттық табысымызға тікелей әсер беріп отыр. Келешекте өзара тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткіземіз деген жоспар 2-3 жыл көлемінде орындалатын сияқты.
Соңғы жылдары біз Түркіменстанды тек логистикалық коридор емес, газ шикізатының базасы ретінде де айналдыра бастадық. Біздің капиталдың мүмкіндігі Галкыныш газ кенішін игеруге ат салысып, біршама газ көлемін өзімізге бұруға мүмкіндік береді. Бізге қатты газ жетіспеуде. Ашығын айтайық, газ біздің экономикамызға шынымен керек болып тұр.
Аваза курортында Гуттериш өткізген кездесу Қасым-Жомарт Кемелұлына Сердар Бердімұхаммедовпен осы мәселелерді пысықтап алуға мүмкіндік берді. Аркадаг және оның ардақты ұлы Қазақстанға белгілі бір үмітпен қарайтыны сезілді. Қазақстан 30 жыл бойы түркімен ұлтының үмітін ақтауда бір де бір рет сара жолынан жаңылып көрмеген мемлекет. Бұл жолы да барлығы жақсы болады.

Рекомендовать
Последние новости