СҚО-да күзгі егінге дайындық: «Ұлы дала астығы – 2025» іс-шарасы өтті

Ақтоты Жапатова 05 авг. 2025 11:15

2025 жылғы 4 тамызда Мамлют ауданының Меңгесер ауылында «Мамбетов және К» өндірістік базасында «Ұлы дала астығы – 2025» атты егіс күні өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Іс-шара Солтүстік Қазақстан облысындағы күзгі жиын-терім науқанына дайындыққа арналды.

Іс-шара жұмысына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, аудан әкімдері, ғылыми қауымдастықтардың өкілдері, аграрлық кеңес мүшелері, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, мемлекеттік органдар мен Ресей Федерациясынан келген серіктестер қатысты.

Биыл өңірдің аграршылары 4,3 млн гектар егіс алқабын жинап алуы тиіс. Оның 3 млн гектарын дәнді дақылдар, ал шамамен 1 млн гектарын майлы дақылдар құрайды. Жақсы өнім күтілуде. Бұл – егіншілік алқаптарын әртараптандыру, әлеуметтік маңызы бар дақылдардың көлемін арттыру, 340 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу, тұқым мен ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту сияқты ауқымды дайындық жұмыстарының нәтижесі. Өңірдегі элеваторлар жаңа өнімді қабылдауға толық дайын.

Егіс күні аясында қатысушылар заманауи ауыл шаруашылығы техникасымен, әртүрлі сұрыптар егілген тәжірибелік алқаптармен, селекциялық жетістіктермен, сондай-ақ тұқым, тыңайтқыш және өсімдіктерді қорғау құралдарын ұсынушы компаниялардың өнімдерімен танысты. Ерекше көңіл егіншілік тиімділігін арттырып, өнім жоғалуын азайтатын практикалық шешімдерге бөлінді.

"Ұлы дала астығы – 2025» іс-шарасының өткізілуі Солтүстік Қазақстан облысының елдегі аграрлық саладағы жетекші рөлін айқындайды, тәжірибе алмасуға, инновацияларды ілгерілетуге ықпал етеді, ресейлік ауыл шаруашылығы өндірушілерімен ынтымақтастықты нығайтып, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады", - деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.


Рекомендовать
Последние новости