Зейнеткерлерге санаторийге барғаны үшін 117 мың теңге қайтарылады деген рас па?

Көркем Алдабергенова 01 авг. 2025 17:47

Қазақстанда WhatsApp мессенджері арқылы тараған «зейнеткерлерге санаторий жолдамасы үшін 30 АЕК қайтарылады» деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Хабарламада не делінген?

«Құрметті зейнеткерлер! Санаторлық-курорттық емдеуге арналған жеңілдіктер ережесі бекітілді. Енді сіздер Қазақстанның кез келген санаториясына бара аласыздар. Жолдаманың толық құнын төлеп, ол жерден түбіртек, төлем шоты, жеке куәліктің көшірмесін алып, банк немесе пошта арқылы шот ашып, барлық құжатты әлеуметтік қорғау бөліміне тапсыру қажет. Олар сізге 30 АЕК, яғни 117 960 теңге қайтарады», – делінген хабарламада.

БҚО шенеуніктері не дейді?

Алайда бұл ақпаратты Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жоққа шығарды. Олар мұндай жеңілдік те, арнайы бағдарлама да жоқ екенін айтты.

«Мұндай жалған ақпараттар салдарынан азаматтардан келіп түсетін өтініштер күрт көбейді. Зейнеткерлерге нақты ақпаратты eGov порталы немесе жергілікті жұмыспен қамту орталықтары арқылы нақтылап алған жөн», – деп мәлімдеді ведомство.

Олар 2023 жылы мәслихат зейнеткерлерге санаторий жолдамасының ақысын өтеуге бюджеттен қаржы бөлмеу туралы шешім қабылдағанын еске салды.

Зейнеткер санаторийге бара ала ма?

Иә, бірақ бұл тек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында ғана жүзеге асады. Бұл – мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек тізіміне кіреді.
Ол үшін алдын ала төлем де, жолдаманың құнын өтеу де талап етілмейді.

Қалай өтініш беруге болады?

Емханаға бармай-ақ, өтінімді eGov порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы беруге болады. Ол үшін:

  • дәрігердің жолдамасы;
  • оңалтуға жіберу себебін растайтын құжаттар қажет.

Қосымша бастамалар бар ма?

Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнет жасына жеткен азаматтардың бірінші топтағы мүгедек жұбайына жеке көмекші болуына мүмкіндік беретін бұйрық жобасын қоғамдық талқыға шығарды.

Құжат қабылданса, 2026 жылдан бастап зейнеткерлер жеке көмекші ретінде тіркеліп, арнайы жәрдемақы ала алады.


Рекомендовать
Последние новости