"Аулақ жүріңдер...". Жапаров АҚШ дипломатына ескерту жасады

Көркем Алдабергенова 12 февр. 2024 14:55 2631

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қырғызстандағы "Шетелдік өкілдер туралы" заң жобасына қатысты алаңдаушылық білдіріп, ашық хат жолдаған болатын. Ел президенті Садыр Жапаров көп күттірмей Блинкеннің хатына жауап берген, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жапаровтың жауап ретінде жазылған хатын оның баспасөз хатшысы Аскат Алагозов жария етті. Қырғызстан басшысы Блинкеннің хатында "елдің ішкі істеріне араласу" белгілері барын айтқан.
Президент сондай-ақ "шетелдік өкілдер" заң жобасының тұжырымдамасы 1938 жылы қабылданған FARA заңына ұқсайтынын жеткізген. Бұл АҚШ-та шетелдік агенттерді тіркеу туралы заң болып саналады.

"FARA заңы бойынша шетелдік агент статусы тек БАҚ өкілдеріне ғана емес, өзге де заңды және жеке тұлғаларға берілетіні белгілі. Ол заңды бұзған адам әкімшілік немесе қылмыстық жазаға ұшырайды. Сондықтан осы жерде туатын сұрақ: сонда сіздерге мұндай заң қабылдауға болады, ал бізге болмай ма?", - дейді Жапаров.

Хатта Садыр Жапаров ел билігі үкіметтік емес ұйымдарды және БАҚ-ты қолдайтынын, оның ішінде, бірнеше жылдан бері шетелдік серіктестерден қаржы алатындарды да қолдайтынын жеткізген. Оның сөзінше, мұндай ұйымдарға қойылатын негізгі талап - заңдарды сақтау және қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету.

Одан бөлек, Садыр Жапаров Блинкен хатында заң жобасы туралы ойын жалған ақпаратқа сүйеніп жазғанын атап өткен.

Айта кетейік, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қырғызстан президентіне хат жазғаны туралы 7 ақпанда белгілі болды. Хаттың өзі 17 қаңтарда жазылған. Блинкен хатында "шетелдік өкілдер туралы" заң жобасы қабылданса үкіметтік емес ұйымдар үшін ауыр азаматтық және қылмыстық жазалар қарастырылуы мүмкін деп алаңдаушылық білдірген.

Сондай-ақ хатта кейбір америкалық серіктестер де заң жобасына қатысты алаңдай бастағаны айтылады. Олар Қырғызстандағы "қызметтерін тоқтатуды" қарастырып отырған көрінеді.


Рекомендовать
Последние новости