Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция ғана елді тығырықтан шығады - сарапгы

Dalanews 14 февр. 2022 12:10 921

«Жанжалдың шоғы қызарса – ақылдың суын сеп» деген екен қыпшақ ақыны Саиф Сараи. Сол айтпақшы, кешегі «Қаңтар қақтығысының» алауын өшіру үшін ақылмен әрекет ету керек болды. Халық, мемлекет алдындағы міндетін сезінген Президент ол жауаптылықты барынша терең түсінді деп ойлаймын.

Қаңтар қасіретінен 227 адам көз жұмды деп жатыр ғой. Нақты санын ешкім әлі білмейді. Жоғалған адамдар да бар деп естиміз. Осының бәрінен билік те, халық та сабақ алуы керек, әрине.

Соңғы деректер бойынша ел экономикасына 136 млрд теңгенің шығыны келіпті. Оның 112 млрд-ы Алматы қаласының үлесінде екен. Бұрын 100 мектеп саламыз деп 70-80 млрд теңге жұмсайтынбыз. Ал 136 млрд теңгеге 100 емес 150 мектеп салуға болар елі. Яғни, еліміздегі мектеп мәселесін шешетіндей қаржыны далаға шашып отырмыз. Бұл да мемлекетімізге жақсы нәрсе емес.

Мемлекет басшысы айтқан «Жаңа Қазақстан құру» жақсы идея. Өйткені біздің осы қиын жағдайға келуіміздің өзі экономиканың әртараптанбауынан болды. Еліміз ұзақ жылдар бойы тек шикізат сатумен ғана айналысып келді. Өндіріс болмаған жерде еңбек болмайды. Оны өзгертеміз деп қабылдаған мемлекеттік бағдарламалардың бәрі сөз болып қалды Нұр-Сұлтандағы ЛРТ жобасы сияқты.

Жалпы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы нәрселерді айтып жатыр. Әсіресе «Бейбіт шеруде қойылған талаптардың бәрін ескереміз. Диалогтың нәтижесінде компромиске келіп, өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша шешімдер қабылданды» деген Президент сөздері көңілге сенім ұялатады.


Жаңа Қазақстан құру үшін ең алдымен экономиканы  әртараптандырумен айналысу  керек. Әр ауылда жөнделетін  көпір мен жолдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін инфрақұрылым болу керек. Мемлекет қаржыны соған бөліп, азық-түлік пен жем-шөп қорын қалыптастыратын болса, ол өз жемісін бере бастайды. Қазір ауыл шаруашылығына салынған  инвестиция ғана  Қазақстанды тығырықтан шығара алады. Әлі есімде, сонау 1995 жылы түрлі саладағы ғалымдар мен мамандардан тұратын 11 адамның атынан ҚР Тұңғыш Президентінің атына хат жолдағанбыз. Сонда шындықты айтамыз деп басымыз бәлеге қала жаздады.  Онда біз ауыл шаруашылығы – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Егер мемлекет тарапынан қолдау болмаса жұмыс орны азайып, ауылдағы халық қалаға қарай ағылады. Қазір мүмкіндік бар кезде мұнай өңдейтін тағы  2-3  зауыт  салып алайық. Өйткені бензиннің бағасы шикі мұнайдан 15 есе қымбат тұрады дегенді айттық. Енді «ештен кеш жақсы» дегендей жаңа Президент нақты мәселелерді шеше бастаса, онда халық оның  маңайына ешкім күштемей-ақ өзі топтаса бастайды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың  алдында үлкен тарихи миссия бар. Ол - Қазақтанды тығырықтан шығару. 10 жылда осы миссияны орындай алса, мемлекеттің қазіргі басшысы  Қасым, Тәуке, әз-Жәнібек сияқты қазақтың тарихында аты алтын әріппен жазылатын адам болады.

Урбанизация деген эволюциялық жолмен жасалу керек еді. Қалада қазір ауылдағыдай ірі өндіріс орнын ашу қиын. Алматыда қазір 3 млн халық бар деп жатыр ғой, оның  500 мыңы ауылдан келіп күнін әрең көріп жүрген адамдар. Оларды нағыз жаңғыш материал деуге болады. Сондықтан біз дәрі толтырылған бөшкенің үстінде отырмыз. Ол жарылса қаңтар оқиғасынан да зор жағдай болады.

Сондықтан бүгінгі күндегі ең басты мәселе қаладағы өз күнін әрең көріп жүрген халықты ауылға қайтаруға тырысу керек. Ақшаны  ауылға жұмсап,  ауыл шаруашылығын қалпына келтірсек, онда жаңа  жұмыс  орындары ашылады. Өйткені қалаға қарағанда, ауылда жұмыс орнын ашу жеңіл. Себебі зауыт-фабрика салу үшін де ақша керек қой. Ал оған біршама уақыт керек. Мәселен бір жаңа зауытты ашу үшін 3 жылдай  уақыт қажет екен. Егер шикізат болмаса, ол да жұмыс  істемейді.

Сондықтан бізде шикізат базасы болу үшін ауыл шаруашылығын дамыту керек.  Өнім көбейсе, біртіндеп өңдеу өнеркәсібі де дамиды. Ол ешқашан өзінен-өзі пайда болмайды. Жергілікті деңгейдегі әкімдердің бәрі  осымен айналысу керек. Егер мал көбейсе ет, сүт, терімен бірге ет, шұжық, сүт, май зауыттары   ашыла бастайды. Жаңа Қазақстан құруды ойлағанда осы мәселелер назардан тыс қалып кетпесе деймін.

Сайын БОРБАСОВ, 


саяси ғылымдар докторы, профессор


 

 

 

Рекомендовать
Последние новости