Ауыл шаруашылығы министрлігі танымал блогермен соттасып жатыр

Қаракөз Амантай 05 июн. 2025 10:06

Астанада Ауыл шаруашылығы министрлігінің танымал блогер Кирилл Павловқа қарсы әкімшілік ісі бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Orda.kz мәліметінше, министрлік блогерді әлеуметтік желіде шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты деп айыптап отыр. Атап айтқанда, Павловтың саранча шапқыншылығы мен мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан күрес шараларына қатысты жазбасы дау туғызды.

“АШМ-ның 2024 жылғы шілдедегі есебіне сәйкес, прусқа қарсы 96 мың гектар жер өңделген. Қағаз жүзінде бәрі әдемі көрінеді. Бірақ бұл өңірде прустың таралу аймағы 5 миллион гектардан асатынын білсеңіз, жағдай өзгеріп шыға келеді. Яғни, шамамен 2%-ы ғана өңделген. Ал есепте бұл – науқанды жеңіс сияқты берілген”, – деп жазды Павлов.

Министрлік бұл мәліметті жалған деп есептейді және блогер ведомствоның іскерлік беделіне нұқсан келтірді деп санайды. Сотта министрліктің өкілі Кирилл Павлов жазбаларындағы ақпаратты қайдан алатынын анықтауға тырысты. Ведомствоның адвокаты Венера Тапаева блогерден саранча тақырыбында жазуға қандай кәсіби құқығы барын сұрады.

“Сіз агроөнеркәсіп саласында аккредиттелген мамансыз ба?” — деп сұрақтың астына алған адвокат, Кирилл Павловтың АҚШ-пен байланысы бар екенін де алға тартты.

“Сіз Қазақстандағы мәселелерді Америкамен бірлесе шешіп жатқаныңыз жөнінде үкіметті құлағдар еттіңіз бе? Бұл не ақпараттың сыртқа шығуы, не ел ішінде тұрақсыздық туғызу әрекеті”, — деп наразылық білдірді Тапаева сот отырысында.

Алайда судья бұл сұрақты алып тастап, адвокаттың сөзін бөліп тоқтатты. Сот процесі бүгін, 5 маусымда жалғасады.


Рекомендовать
Последние новости