Атырауды бес күннен бері түтін тұмшалап тұр: әкім қайда қарап отыр?

Ақтоты Жапатова 19 июн. 2025 10:13

Атырау қаласы бес күннен бері көк түтіннің құрсауында қалып отыр. Қаптаған түтін мен сасық иіс тұрғындардың өмірін қиындатты. Қаланың үстін жапқан қою түтін – Ақжайық мемлекеттік табиғи резерватындағы қамыс өрті салдары. Өрт әлі толық сөндірілген жоқ,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Қала тұрғындарының айтуынша, түтінге тұншығып, бас ауырып, жүрек айнып, әлсіздік пайда болған. Әсіресе балалар мен тыныс алу жолдары сырқат адамдарға бұл жағдай ауыр соғып жатыр. Экологтардың мәліметінше, ауада күкірт сутегінің мөлшері шекті деңгейден 11 есеге асып кеткен. Бұл – қалыпты экологиялық шекара емес, бұл – төтенше жағдай.

Мәселенің ең сорақы тұсы – бұл жағдайға тек қамыстың өртенуі ғана емес, қаладағы өндірістік кәсіпорындардың әрекеті де себеп болуы мүмкін. Тұрғындардың пайымынша, кейбір зауыттар түтінді сылтауратып, ауаға қосымша лас қалдықтар шығарып жатыр. Ал Экология департаменті нақты қорытындыны зертханалық сараптамадан кейін ғана жариялайтынын айтып отыр.

Жағдайдың ушығуы халық арасында ашу-ызаны күшейтіп, әлеуметтік желілерде төтенше жағдай режимін жариялауды және әкімнің отставкасын талап еткен жазбалар күрт көбейді. Алайда жергілікті билік әзірге үнсіз. 

Еске салайық, мемлекеттік қорғаудағы резерватта үш жерден өрт шыққан. Жалын мың гектарға жуық аумақты шарпыған.


Рекомендовать
Последние новости