Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Олжас Әбіш екеуіне қатысты іс бойынша жаңа деректерді бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Біртанов не дейді?
Экс-шенеуніктің сөзінше, 28 мамырда әріптесі Олжас Әбіш Бас прокуратураға өтініш жазған.
"Олжас цифрландыру саласындағы белгілі маман болғаннан кейін мемлекеттік сайттардан, Денсаулық сақтау министрлігінің сайтынан біраз зерттеу жасап, бірнеше маңызды, қызық құжаттар тауып, солардың негізінде өтінішін жазып жіберді. Тікелей айтсақ, бұл құжаттарда біздің іс бойынша маңызды ақпарат бар. Сот болып жатқан кезде Денсаулық сақтау министрлігінің кейбір мамандары, бас маман Бейбіт Есенбаев мырза басқа компанияларға, цифрлық IT компанияларға цифрлық платформамен жұмыс істеу бойынша тапсырма берген. "Платформаға ақпарат жіберу керек" деген. Техникалық маман емеспін. Олжас техникалық маман болғаннан кейін "платформа жұмыс істемесе, оған қалай ақпарат жібереді?" дейді. ...Оның сотта бізге қарсы берген айғақтары сәйкес келмейді", - деді ол "Қасқа жолға" берген сұхбатында.
Елжан Біртанов Бас прокуратурадан не сұрап отырғандарын айтты.
"Көлік жүргізу куәлігін алу үшін анықтама керек. Ол анықтама 2019 жылы электрон түрде дайын тұрды, интеграция жасалып қойған. Қазір де тұр. Наркологиялық орталықтың анықтамалары да платформа арқылы деп жазылып тұр. Қазір де тұр. "Электрон түрде аштық" деп жатыр. Алты жыл бұрын шешілген мәселе. Осындай деректерді тексеруді сұрап отырмыз", - деді ол.
Бұрынғы шенеунік өтініштері әзірге қаралмағанын жеткізді.
"Әзірге жауап келмеді. Заң бойынша отыз күнде жауап беруі керек. Бұрын да көп шағым жазғанбыз. Көп жағдайда уақытында қаралмайды. Содан қорыққаннан кейін Олжас әлеуметтік желілерге шығып, пікірін айтып жатыр. Әділдік болсын деп шығарып отырмыз", - деді ол.
Біртанов қазіргі ахуалға, министрге қатысты пікір білдірді.
"Жоғары лауазымды азаматтар билік бар, ақша бар бес жыл ішінде техникалық мәселені шеше алмай жүргені басыма кірмейді, түсінбеймін. Президент жыл сайын жолдауында "денсаулық сақтау саласында цифрландыру өте маңызды, бәрін тезірек бітіру керек" деп айтып келеді. Бірақ орындалмай жатыр. Кейінгі жылдары жолдауына кіргізбейді. Бірақ мәселе қалды ғой. Былтыр жаңа министр келді, ол тырысып жатыр, көріп отырмыз. Біраз тірлік басталды. Оған да уақыт керек. "2025 жылдың аяғына дейін бітіреміз" деп отыр. Әлназарова өте жауапты, тәжірибесі мол кісі ғой, бірақ орындаушылары Есенбаев секілді адамдар әлі отыр. Олар сол кезде ештеңе бітірмеді, бізге жала жапты, өздерінің қандай мүддесі бар, кім біледі?!" - деді экс-шенеунік.
Бұған дейінгі жағдай
Жуырда бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбіштің атышулы ісі қайта қаралуы мүмкін екені хабарланды. Бұл туралы Олжас Әбіш Facebook парақшасында хабарлап, жаңа құжаттар пайда болғанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, 2022 жылы соттың екеуіне шығарған айыптау үкімі негізінен жалғыз куәгердің берген түсініктемесіне сүйенген. Енді соған мүлдем кереғар келетін ресми деректер қолдарына тиген көрінеді. Осыған байланысты Олжас Әбіш пен қорғаушылары Бас прокуратураға ресми арыз түсірген.
Біртанов пен Әбішке қатысты іс
2022 жылы қазанда Елжан Біртанов пен Олжас Әбіш 2018 жылы хорватиялық Ericsson компаниясымен арадағы құны 1,3 млрд теңгелік цифрлық платформаны "істемесе де қабылдап алды" деген айыппен кінәлі деп танылған еді. Сот шешімімен Біртанов бес жылға, ал Әбіш төрт жылға бас бостандығынан шектелген болатын. Сондай-ақ, екеуі мемлекетке келтірген шығынды бірге өтеуге міндеттелді.