Атырау өңірінде шикізаттық емес сектор дамуда

Dalanews 30 нояб. 2017 07:57 1001

Атырау өңіріндегі шағын және кәсіпорындар еліміздегі үшінші жаңғыру бағдарламасын қарқынды игеріп жатыр.

Әзіргі күні облыстағы бірқатар өндіріс орындары қазірдің өзінде өнім сапасын АҚШ пен еуропалық стандарттарға жеткізіп үлгерген. Бұған Атырау облысына арнайы іс-сапармен барған «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед көз жеткізіп қайтты.

Мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың жұмыс барысымен танысқан Құл-Мұхаммед бұл тарапта өңірде нәтижелі істердің атқарылып жатқанын тілге тиек етті.

Бүгінде аймақтағы соңғы жылдардың бедерінде ашылған кәсіпорындардың көпшілігі тікелей мемлекеттің қаржылай қолдауының арқасында тұрақты жұмыс істеп, сапалы өнім өндіруге мүмкіндік алған. Көпшілігі заманауи қондырғылармен жарақтандырылған. Мұндағы мамандар жаңа технологияның қыр-сырымен толықтай таныс.

Айталық, Атыраудағы зауытта шығарылып жатқан полиэтилен және металл-пластик құбырлар мен арматура өнімдерінің қолдану мерзімі  50 жылға жетеді екен. Ал өніміне жарты ғасырға кепілдік беретін компаниялар кемде-кем екен.

Өңірдегі кәсіпорындардың өндірістік қуатымен танысқан «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары олардың мұң-мұқтажына да құлақ асты.

Мұхтар Құл-Мұхаммед атап өткеніндей, бұдан былай еліміздің бас партиясы отандық өнім өндірушілерді әдейі төмендету секілді әділетсіз бәсекеден қорғап, мәселені түбегейлі шешу үшін заңды құжат қабылдау жөнінде ұсыныс әзірлейтін болады.

– Атырау – мұнайлы өлке. Дегенмен, Мемлекет басшысы еліміз осы мұнайға тәуелді болып қалмау үшін әр облыс, әсіресе мұнайлы облыстар өзінің экономикасын әртараптандыру, яғни диверсификациялау керектігін үнемі айтып келе жатыр. Ол үшін бізге осындай кәсіпорындар көптеп керек. Атыраудағы зауыттардың көпшілігі Қазақстанның ғана емес, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының ғана емес, Батыс Еуропаның ең биік талаптарына жауап беретін өте қажет құрал-жабдықтар шығаруда. Елбасымыз айтатын бәсекеге қабілеттілік осы, – деді бұл ретте Құл-Мұхаммед.

Атыраудағы Үкіметтің қолдауымен ашылған тағы бір кәсіпорын – оптикалық кабель шығару зауыты. Қазіргі таңда бұл зауыт ішкі нарықтағы сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр.

Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі жергілікті кәсіби-техникалық білім ордаларымен бірігіп, дуальдық оқыту жобасын да жүзеге асырып жатыр.

Кәсіпорын жұмысшыларының жартысынан көбі – жергілікті колледждердің түлектері екен.

Айталық, Дархан Матреков, Атырау кабель зауытының операторы қызметіне биылғы жылдың мамырында орналасқан. Оқуын да қатар алып жүр.

«Менің жұмысым осы зауытқа ұнаған соң, мені жұмысқа алып қалды. Мен осы жұмысқа Елбасымыздың дуальдық бағдарламасы арқылы кірдім» дейді ол.

 

Рекомендовать
Последние новости