Астаналықтар су тасқынынан зардап шеккендерге 1 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді

Dalanews 17 апр. 2024 12:49 2098


Астанадан су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 1 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілді,- деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бүгін елордалық спортшылардың, Дене шынықтыру және спорт басқармасының, ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлерінің күшімен тағы 8 тонна гуманитарлық көмек жиналып, Қостанай облысына жіберілді. 


Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит әріптестеріне қазіргі қиын жағдайда көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.

«Еліміздің бірнеше өңірінде су тасқыны болып жатыр, қазақстандық еріктілер қиын сәтте ешқашан шетте қалмады. Біздің көптеген отандастарымыз су тасқынынан зардап шеккендерге көмектеседі. Астана спортшылары әрқашан көмек қолын созады. Бүгін елорданың Дене шынықтыру және спорт басқармасы қызметкерлері мен ведомстволық бағынысты мекемелер қызметкерлерінің қатысуымен Қостанай облысына гуманитарлық көмек жіберіліп жатыр», – деді Василий Левит.

Сондай-ақ, елордалық спортшылар Илья Ильин, Василий Тахтай, Сергей Цырульников, Абзал Ажгалиев, Мерей Ақшалов, Айтым Жақыпов және каратэ федерациясының, гимнастика федерациясының өкілдері су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуде.


Гуманитарлық көмек жинау әлі де жалғасып жатыр. Бұған дейін «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалының күшімен «Жастар Рухы» жастар қанатымен, «Астана жастары» ЖРО еріктілерімен бірлесіп, қала әкімдігінің, қалалық мәслихат депутаттарының, қоғам қайраткерлерінің, үкіметтік емес ұйымдардың, шағын, орта және ірі бизнес иелерінің қолдауымен гуманитарлық көмек жиналып, өңірлерге жолданды.


Сонымен қатар, елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы Достық үйінің базасында су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындары үшін гуманитарлық көмек жинау бойынша әлеуметтік акция ұйымдастырды. Көмек Ақмола және Қарағанды облыстарының тұрғындарына жеткізілді. Зардап шеккендерге киім, тамақ, гигиена құралдары, төсек-орын, ыдыс-аяқ және дәрі-дәрмектер жиналды.


Естеріңізге сала кетейік, елордада гуманитарлық көмекті қабылдайтын 9 пункт жұмыс істейді, жиынға 30-ға жуық еріктілер ұйымы қатысады.
Күн сайын 200-ден астам ерікті қажетті заттарды сұрыптап жібереді. Жиналған көмектің ішінде киім, азық-түлік, гигиена құралдары мен аяқ киім басты орын алады.
Еріктілер қаржылық көмекті қабылдамайды. Ниет білдірушілер жинау орындарына қажетті заттарды жинап, әкеле алады.


Рекомендовать
Последние новости