Оның айтуынша қазір қалада үш ауысымды және шамадан тыс жүктемесі бар мектептердің мәселесін шешу жұмысы жүріп жатыр.
«Үш ауысымды және бала саны шамадан тыс мектептердің санын азайту мақсатында қазіргі уақытта қалада 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде 11 мектеп биылғы оқу жылында пайдалануға беріледі. Оқу жылының басында 4 мектеп (1 мектеп, 1 мектептің жанынан салынған жаңа корпус, 2 жекеменшік мектеп) пайдалануға берілді.
Атап айтсақ, өзекті мәселелердің бірі болған – соңғы бес жылда 3 ауысымда оқып келген №59 мектеп-лицейдің мәселесі толығымен шешілді. Мектеп жанынан 1200 оқушы орнына арналған жаңа корпус пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елордада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы бағдарлама бойынша 2024-2025 жылдар аралығында 90 мың орындық (екі ауысымды) 24 мектеп салынады. 24 мектептің 15-сі қарқынды дамып келе жатқан Нұра мен Есіл аудандарында салынады. Осылайша, қаладағы үш ауысымда оқытатын және бала саны шамадан тыс мектептердің мәселесі толық шешімін таппақ.