Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында оқушылар арасында ерекше іс-шара өтті

Ақтоты Жапатова 28 мар. 2025 17:12 1442

Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында мектеп оқушылары арасында «Құстарды сақта!» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Құстарға қамқорлық танытуға, жас ұрпақтың бойында жанашырлық сезімін қалыптастыруға бағытталған іс-шараға 100-ге жуық ата-ана мен бала қатысты.

«Мектебімізде «Жақсылық жаса» атты ұранымен бірқатар игі іс-шара дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл жалпықалалық акцияның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты қоршаған ортаны қорғау, табиғатты сүюге тәрбиелеу, тұрғындар мен мектеп оқушыларының экологиялық көзқарасы мен табиғат алдындағы жауапкершілігін қалыптастыру, экологиялық мәдениетті арттыру, сонымен бірге табиғатты қорғау жұмысына араластыру. Жақсылық жасауда ата-аналар балаларымен бірге түрлі қолөнер бұйымдарын әзірлеп, мектеп жәрмеңкесіне ұсынады.
Оқушыларымыз қарттар үйіне де барып, өз өнерлерін паш етіп, мерекелік концерт ұйымдастырып жатады. Яғни, бастысы қайырымдылықты насихаттауды көздейміз, – деді №79 мектеп-лицейінің директоры Құралай Мұқышева.

«Таза Қазақстан» аясында өткен іс-шараға қатысқан бастауыш сынып оқушылары ата-аналарымен бірге құс ұяларын өз қолдарымен арнайы дайындап, мектеп аумағында ілді. Жыл сайын аталған іс-шарадан қалыс қалмай, белсенділік танытып келе жатқан ата-аналардың қатарында Оңдасын Серікұлы бар.

«№79 мектеп-лицейінде үш балам оқиды. Балаларыммен бірге ұяларды үйде жасауды жақсы дәстүрге айналдырдық. Бүгінде Астананың бірқатар саябақтарында отбасымыздың дайындаған құс ұялары ілулі тұр. 2-сыныпта оқитын балам Дінмұхамед Оңдасынұлымен бірге мектеп ауласында да құстардың да тұрақтап, қалалықтардың көңілін әсем әуенімен қуантып тұрсын деген ниетпен ұялар жасап, ілдік. Бала көргенін істейді, сондықтан осындай ізгілікке бастайтын бастамалардың болғаны қуантады», - деді ата-ана.


Рекомендовать
Последние новости