Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) тергеп-тексеруі нәтижесінде “ҚТЖ-Жүк тасымалы” ЖШС мен HILL Corporation ЖШС арасында бәсекелестікке қарсы келісім жасалғаны белгілі болды. Бұл компания бұрынғы Бас прокурор Қайрат Кожамжаровтың бауырына тиесілі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу барысында “ҚТЖ-Жүк тасымалы” локомотивтерге арналған мотор майларын сатып алу кезінде бәсекеге қабілетті жеткізушілерді елемей, арнайы шарттар енгізгені анықталды. Бұл талаптар басқа компаниялардың тендерге қатысуына кедергі келтіріп, бастапқыдан-ақ HILL Corporation-ның мүддесіне жұмыс істеуге бағытталған.
“Агенттіктің қорытындыларымен келіспеген HILL Corporation сотқа жүгінген. Алайда 2025 жылы 11 наурызда Жоғарғы сот бұл істі қарап, жергілікті соттардың шешімін күшінде қалдырды. Осылайша, антимонополиялық орган жүргізген тергеудің заңды екені расталды”, — деді агенттік.
Локомотивтерге арналған мотор майларын жеткізу саласында анықталған бәсекелестікке қарсы келісімнің жалпы сомасы 12 миллиард теңгеден асты.
Айта кетейік, Дулат Қожамжаров – бұрын Бас прокурор әрі Сенат депутаты болған Қайрат Қожамжаровтың туған бауыры.
Ал кәсіпкер иелік ететін HILL Corporation – “High industrial lubricants & liquids corporation (HILL)” ЖШС құрылымына кіретін компания.
Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитеті бизнесмен Дулат Қожамжаровты мемлекетке заңсыз өткен активтерді қайтару туралы заң аясындағы арнайы реестрге енгізгені туралы жазған едік.
Аталған реестрдегі адамдардың аты-жөндері қоғамға жария етілмейді, себебі билік бұл тізімдегі тұлғалардың беделін қорғауды мақсат етіп отыр.
Дулат Қожамжаровтың өкілдері бұл шешіммен келіспей, Бас прокурорға шағым түсірген және Активтерді қайтару жөніндегі комиссияның шешімін жоюды талап еткен. Алайда, олардың шағымы қанағаттандырылмай, комиссия әрекетінің заңдылығы расталды.
Forbes Kazakhstan басылымының мәліметінше, Дулат Қожамжаровтың байлығы 110 миллион долларға бағаланып, елдегі ең ауқатты бизнесмендер рейтингінде 57-орында тұр. Ол – Шымкент қаласында орналасқан ірі өндірістік кешені бар Hill Corporation компаниясының иесі. Бұл компания түрлі техникалық майлар мен жағармай өнімдерін өндірумен айналысады.