Астанада “шетелде оқытамыз” деп уәде берген оқу орталығы жүздеген ата-ананы тақырға отырғызды

Қаракөз Амантай 20 мая 2025 11:42

Астанада жүзден астам ата-ана “Ғасыр” білім беру орталығына алданып қалды. Балаларын шетелде оқытамыз деген уәдемен миллиондап ақша жинаған оқу орны аяқ астынан жұмысын тоқтатып, басшылары ізім-ғайым жоғалған, деп хабарлайды Dalanews.kz 31-арнаға сілтеме жасап.

Жәбірленушілердің айтуынша, әр ата-ана орта есеппен 1,5–2 миллион теңге көлемінде ақша төлеген. Алайда уәде етілген білім беру қызметі толық көрсетілмеген: сабақтар жүйелі өтпеген, дайындық курстары үздіксіз жүргізілмеген. Соған қарамастан ата-аналардың кейбірі келісімшарт та жасаспай, орталықтың беделіне сеніп, бірден төлем жасаған.

“Полицияға арыздандық. Себебі бізде келісімшарт бар. Олар сол келісімшарт бойынша уәделерін орындамады. Осы оқу орталығының бас директорына хабарластым. Ол қазір бұл жерде жұмыс істемейтінін айтты. Ал орнына жаңадан келген адам телефонға жауап бермейді”, – дейді Астана қаласының тұрғыны Бақыт Күдербекова.

Тіпті ата-аналарға орталықтың жабылатыны туралы алдын ала еш ескерту жасалмаған. Кейбіреулер екі баласын қатар оқытпақ болып, қосымша шығынға батқан. Солардың бірі – Айнагүл Нұрмағамбетова. Ол "Ғасырдың" репутациясына сенгендіктен ақшаны келісімшартсыз төлеген.

Қазір орталықтың есігі жабық, ғимаратқа полиция мөр басқан. Жалға беруші тарап оқу орны ай сайын 4,5 миллион теңге жалдау ақысы төлеп тұрғанын, бірақ соңғы уақытта 6 миллион теңгеден астам қарыз жиналғанын айтады. Ал орталық басшылығымен байланыс орнату мүмкін болмай отыр.

Ата-аналардың ұжымдық арызы негізінде полиция Қылмыстық кодекстің 190-бабы – “Алаяқтық” бойынша қылмыстық іс қозғады.

“Тергеу барысында азаматтар ақша төлеп, алайда келісілген білім беру қызметін толық алмағаны анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр”, – деді Есіл аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ержан Құрақбаев.


Рекомендовать
Последние новости