«Астана ЛРТ». Үлкен жобадан қыруар ақша жеп қалу басты мақсат болған

Dalanews 30 окт. 2020 03:04 965

Елордада атышулы «Астана ЛРТ» құрылысына қатысты сот отырысы басталды. Айыпталушы орындығында 7 адам отыр. Тағы екеуіне іздеу жарияланған. Тергеу материалдары бойынша бар былықтың басында тұрған да сол екеу, яғни, қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана ЛРТ-ның» бұрынғы басшысы Талғат Ардан, – деп хабарлайды КТК арнасы.  

Тергеу материалдарында айыпталушылар бюджетке жалпы көлемі 6 миллиард теңгеге жуық шығын келтірген. Олар қыруар қаржыны түрлі жолмен жымқырғаны мәлім болды.

Құрылысы осыдан сегіз жыл бұрын басталған бас қаладағы жеңіл рельсті көлік жобасына қатысты сот процесі енді ғана басталды. Бұған дейін тергеу мәліметтерінде бұл іске 11 адамның қатысты бар екені айтылған-ды.

Бірақ бүгін басталған сот отырысында 9 адамның аты-жөні айтылды. Олардың бюджетке келтірген шығынының нақты көлемін айтсақ, ол – 5 833 300 827 теңге.


Коронавирустан сақтық шарасы ретінде алғашқы сот жиыны онлайн тәртібімен өтті. Қылмыстық топтың 9 мүшесінің жетеуі сотқа қашықтан қатысты. Олар қаланың бұрынғы көлік басқармасының басшысы Рашид Аманжолов, қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты әрі хатшысы Жанат Нұрпейісов, Astana Innovations АҚ-ның бұрынғы басшысы мен тағы бірқатар мердігер ұйым өкілдері бар.

Ал бар былықтың басында тұрған қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбенков пен сол уақыт Астана LRT-ны басқарған Талғат Ардан шетелге қашып кеткен.

Прокурордың айтуынша, 2012 жылы Үкімет шешімімен ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңі басталады. Ол әуежай мен Әбу Даби плазаның арасындағы 15 шақырымды жалғауы тиіс болған. «Тап сол құрылыс басталар шақта Сұлтанбековтің ойы бұзылған» дейді прокурор.

– Сұлтанбеков қара басын байыту мақсатымен қылмыс жоспарын құрады. Ойға алған жымысқы әрекеттің ауқымы үлкен екенін ескеріп, онысын сәтті жүзеге асыру үшін қылмыстық топ құрады. Оған «Астана ЛРТ» басшысы Талғат Ардан мен қалалық көлік басқармасының басшысы Рашид Аманжоловты тартылған. Олар оның тапсырмасын бұлжытпай орындап отыруға келісімін берген, – дейді процессуалдық прокурор Жангелді Есебаев. 


Прокурордың айтуынша, қылмыстық топ мүшелері бір-бірімен етене таныс болмаған. Оларды біріктірген бір ғана нәрсе болыпты – қаржысы көп жобадан қалайда жырымшылап ақша жеу. Яғни, сметалық құжат жасау, техникалық бақылау, мемлекеттік сатып сынды жұмыстар бір жерде артығымен бағаланған.

– Ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі әрі ұйымдастырушыларының бірі бола отырып, Ардан 2012 жылдың соңында қатарларына досы Дәурен Әбдіхамитовты тартады. Істің мән-жайын толық түсініп отырса да ол байығысы келіп, қылмыстық әрекетке қатысуға келіседі. Ал Сұлтанбеков қылмыстық топ мүшелеріне әрқайсының қызмет лауазымына қарай жасайтын әрекеттерін бөліп беріп отырған, – деді прокурор Жангелді Есебаев.

Топ мүшелері жасақталып болған соң Талғат Ардан мемлекеттік сатып алудан ақша жасауға кіріседі. Яғни, жалған бәсекелестік орта жасап, тендерде ылғи өздеріне қарасты мердігерге ұтқызған.

Содан кейін мердігермен мемлекеттік сатып алу бағасын әлдеқайда артырып, түрлі келісім-шарттар жасаған. Прокурордың баяндамасындағы сан түрлі қылмыстық әрекеттің бұл бір ғана парасы екен.


Бүгінгі сот барысында бәрінен де прокурорға ауыр тиді. Қылмыстық істің жылдар бойы қордаланған схемасын толық ашып айтып беру үшін азаннан бастап кешкі беске дейін оқып беруіне тура келді. Бұл ауқымды сот процесінің басы ғана. Шығыны орасан жобаны, әу баста Үкімет елдің имиджі үшін деп бекіткен. Сақалды құрылысқа айналған жобаның иесі бұл аралықта атауын өзгертіп те үлгерді. «Астана LRT» қазір CTS деп аталады.

Ербол ТҰРЫМБЕТ

Рекомендовать
Последние новости