Асқар Ақаев ҚазҰУ докторанттарына диплом табыстады

Dalanews 20 июн. 2022 05:34 815

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қырғыз Республикасының Тұңғыш Президенті, Ресей ғылым академиясының академигі, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Күрделі жүйелерді математикалық зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Асқар Ақаев көшбасшылық дәріс оқыды.

ҚазҰУ-ға арнайы келген көрнекті ғалым алдымен қазақ-қырғыз ынтымақтастығына арналған кітап және сурет көрмесін тамашалап, ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыру жоспарымен танысты.

Академик Асқар Ақаевтың «Көне дәуірден бергі демографиялық даму көрсеткіші және адамзат болашағы (компьютерлік болжау және математикалық модельдеу)» тақырыбындағы көшбасшылық дәрісіне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҰҒА академиктері, ғалымдар, қаламгерлер, ҒЗИ басшылары, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің мүшелері, БАҚ өкілдері, білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев құрметті мейманға арнайы шақыртуды қабыл алып, университетке келгені үшін алғыс айтты, ғылымды дамытуға қосқан айрықша үлесін атап өтті.


«Асқар Ақайұлы – өте білімді, ерекше тұлға. Тәжірибелі ғалым ретінде  Қырғызстанда есептеу оптоэлектроника және голография бойынша Қырғыз ғылыми мектебін құрды. Аталмыш орталықтан көптеген ғалымдар мен докторлар шықты. Осылайша профессор әлемдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді талдау мен болжаудың ғылыми мектебін қалыптастырды. Ресей, АҚШ, Жапония және Еуропаның жетекші ғалымдарымен бірге терең зерттеулер жүргізді. 400-ден астам ғылыми мақала мен 15 кітаптың авторы», – деді университет ректоры.



Академик Асқар Ақаев білім ордасының басшылығы мен ұжымына жылы қабылдағаны үшін алғыс  білдіре отырып,  ҚазҰУ-ға 45 жылдан кейін келіп тұрғанын толқыныспен жеткізді.

«ҚазҰУ-мен 45 жылдан соң қайта қауышқаныма қуаныштымын. Бүгінгі кездесуді ұйымдастырғандарыңыз үшін көп рақмет. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Орталық Азиядағы ең үздік университет. Биік табыстарға көптеген жоғары оқу орындары өте ұзақ жолдан өтіп жетеді.  Бұл жұдырықтай жұмылып еңбек еткен білікті ұжымның жемісі», – деді профессор.



Дәріс барысында Асқар Ақайұлы «Демографиялық ауысу» ұғымына кеңінен анықтама берді. Сонымен қатар әлем елдері тарихындағы демографиялық өзгерістер, оның себептері мен салдары туралы айтып берді.

Көрнекті ғалым «ХХ ғасырда жер шарындағы халық саны 4 есеге, ал әлемдік жалпы ішкі өнім 20 есеге өсті. Демографиялық ауысу елеулі ғылыми-техникалық прогреспен, мәдениет пен білімнің өрлеуімен, сондай-ақ халықтың көп бөлігінің ауылдардан қалаға көшуімен қатар жүрді. ХХІ ғасырдың бірінші жартысында демографиялық динамика әлемдік дамудың басты қозғаушы күші болып қала беретініне күмәнім жоқ. ХХ ғасырдың басы көптеген ғылыми-инновациялық жобалармен ерекшеленді.



Атап айтқанда: атом энергетикасы, кванттық электроника және лазерлік технологиялар, электронды есептеу машиналары және өндірісті автоматтандыру, реактивті және зымыран қозғалтқыштары, ғаламдық спутниктік байланыс және теледидар т.б. Ал қазір цифрлық технологияның заманы», – деген тұжырымдарымен бөлісті.

Сондай-ақ, өз сөзінде Асқар Ақаев адамзаттың болашағы, өркениеттің дамуы және оның кері әсері туралы өз пікірін білдірді. Оқытушы-профессорлар құрамының сұрақтарына жауап беріп, ғылымдағы тәжірибесімен бөлісті.

Көшбасшылық дәрістен кейін Жансейіт Түймебаев академик Асқар Ақаевқа Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унверситетінің «Құрметті профессоры» атағын  табыстады.


Шара соңында Асқар Ақаев ҚазҰУ-ды үздік бітірген докторанттарға салтанатты түрде дипломдарын табыстап, түлектерге сәт-сапар тіледі.

21 маусым күні Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында  Асқар Ақаевтың «Цифрлық экономика (нұсқалар мен болжамдар)» тақырыбындағы екінші көшбасшылық дәрісі өтеді. Дәрісте профессор цифрлық экономиканың бүгіні мен болашағы және өзінің  ғылым саласындағы жүргізген зерттеулері туралы кеңінен айтатын болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости