Қарулы күштер қатарында қызмет ететін әскерилер ТМД елдерінде өтетін бірқатар маңызды байқауларға қатысуға дайындалу үстінде деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сайт тілшісі анықтаған ақпарат бойынша еліміздің әскери қызметкерлері 7 бірдей байқауға қатысуға қамданып жатыр. Бұлардың үшеуі өз елімізде ұйымдастырылады.
Сайтымызға пікір білдірген Қазақстан Қарулы күштері Бас штабына қарасты Геомәліметпен қамтамасыз ету басқармасының өкілі Шаяхмет Әшірұлының атап өткеніндей аталған байқаулар 8-ші Халықаралық әскери ойындарының шеңберінде өтеді.
"Мұның ішінде артиллериялық қарудың оқ жаудыру, минаны орналастыру және жару жарысы, мергендер сайысы, тактикалық соғыс үлгілері, топографиялық қызметпен айналысатын мамандар байқауы ("Меридиан"), танк биаотлоны және күрес, бокс секілді спорттық жарыстар кіреді. Бұлардың басым көпшілігі Ресей жерінде өтеді. Бұдан бөлек Армения мен Әзірбайжанда өтетін байқауларға да қатысамыз", – дейді Ш. Әшірұлы.
Айта кету керек, "Меридиан" байқауы ел аумағында Халықаралық әскерилер ойындарының шеңберінде тұңғыш рет өтіп жатыр. Сайыс 3 кезеңнен тұрады. Алғашында, жауынгерлердің қару-жарақты қаншалықты меңгергені анықталады. "Агра 74" деп аталатын ұжымдық жарыста әр елдің командасы атысу шеберлігін паш етеді.
"Азимут" деп аталатын байқаудың екінші кезеңінде әскери қызметкерлер орман ішінде қарсыластарының жасырынған орындарын анықтайды. Бұл кезеңде жауынгерлердің компасты қаншалықты меңгергені анықталады.
Ең соңғы, 3-ші кезеңде топографиямен байланысты. Бұл жолы жауынгерлер өзге елдердің топографиялық бөлімдерімен бірлесіп, геодезиямен байланысты тапсырмаларды орындайды.
"Былтырғы бұл байқау Ресей аумағында өткен еді. Бұл жолғы сайыстың былтырғыдан ерекшелігі "Азимут" жарысында біздің жауынгерлер ормандағы нысаналардың алыс-жақындығын дүрбімен өлшейтін болады. Бұдан бөлек топография жарысының ұзындығы өткен жылға қарағанда 650 метрден 1850 метрге дейін, яғни, үш есеге ұлғайтылды.
Биылғы жарысққа Puzzle деп аталатын сайыс қосып отырмыз. Бұл бойынша топография кезеңінде әскери қызметкер ондаған бөлшекке бөлінген топография карталарын тез-тез құрастырып, қарсыластың нысандарының координатасын анықтауы тиіс. Пазлды тізірек құрастырған және қарсыластың орналасқан орнына жедел анықтаған команда жеңімпаз боп танылады", – дейді Шаяхмет Әшірұлы.
Оның мәлім еткеніндей еліміздің әскери қызметкерлері бұл байқауға ақпан айынан бері қызу дайындық жүргізуде. Осы мақсатта күрделі іріктеу жұмыстары жүргізілген. Алдымен әскери бөлімдердің мамандары електен өткен, кейіннен өңірдегі қолбасшылықтар арасында дәл осында жұмыс жүргізіліпті. Осы құрылымдарға жетекшілік ететін Бас қолбасшылар да "емтихан" тапсырған.
Бұған дейін порталымызға сұхбат берген генерал-лейтенат Бақытжан Ертаев халықаралық санаттағы мұндай жарыстардың маңыздылығына тоқталып: "Сарбаздардың шеберлігін шыңдауда тәжірибе алмасудың орны бөлек. Жауынгерлер жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, мұндай жарыстардан шабытпен оралады", – деген пікір білдірген еді.
Ертаевтың айтуынша тәжірибе тұрғысынан мұндай байқаулар таптырмайтын платформа.
"Мұндай жарыстарға іріктеліп алынатын сарбаздардың саны санаулы болады. Менің білуімше, 10 адамнан аспауы тиіс. Бұл арадағы ең маңызды міндет - біліктілікті шыңдау. Әсіресе, топография байқауы аса маңызды. Шетелдік топографтармен ой-пікір алмасуы әскери қызметкердің білім-білігін толықтыра түседі", – деген еді генерал-лейтенант.
Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша осынау байқауға 8 мемлекет қатысады. ТМД кеңістігіндегі елдерден бөлек Қытай, Мысыр, Египет мемлекеттердің делегациясы келеді.