Әшімбаев уақыт белдеуінің ауысуы өміріне қалай әсер еткенін айтты

Қаракөз Амантай 05 дек. 2024 14:50 904

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев уақыт белдеуінің ауысуы оның күнделікті өміріне қалай әсер еткенін жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айтуынша, әдеттегі өмірінде айтарлықтай өзгерістер болмаған.

“Ерте тұрып, кеш жату көптен бері қалыптасқан дағдым. Жұмысқа байланысты іс-шараларға қатысу, кеңестер өткізу – күнделікті тіршілігімнің бір бөлігі. Сол себепті уақыт белдеуінің ауысуын аса сезінбедім.  Мүмкін, жұмыстан қол тимеген соң, байқамай қалған шығармын.”, – деді Әшімбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек уақыт белдеуіндегі өзгерістің қазақстандықтарға әсерін зерттеу үшін үш жылдық бюджеттен 160 млн теңге бөлінетінін мәлімдеген болатын.

“Үш жылдық зерттеуге өтінім түсті. Енді бюджеттен 160 миллион теңге бөлінбек. Бірақ іс жүзінде бұл сома екі есеге қысқарып, шамамен 90-100 миллион теңге көлемінде болады деп ойлаймын”, – деді ол.

Министр зерттеудің құны конкурстың нәтижесіне сәйкес анықталатынын және бұл мәселені ұлттық ғылыми кеңес шешетінін айтты. Оның сөзінше, жобаның нақты егжей-тегжейі өтінім қаралғаннан кейін белгілі болады.

Зерттеу процесіне бірнеше институт, соның ішінде физиология және география институттары тартылуы мүмкін. Әдістер әлі нақтыланбағанымен, сауалнамадан тыс тәсілдер қолданылып, мәселенің кешенді түрде қаралатыны айтылды.

“Әзірге тек өтінім берілді, ал зерттеу әдістемесі мен оны жүзеге асыру жолдары конкурс өткізілгеннен кейін анықталады”, – деп түсіндірді министр.


Рекомендовать
Последние новости