"Ашаршылық болады". Садырбаев ұсталмас бұрын шындық айтып сұхбат берген

Көркем Алдабергенова 06 нояб. 2024 10:36 62377

1,2 миллиард теңге ақша жымқырды деп ұсталған Алмасбек Садырбаев осыдан екі апта бұрын Арман Абдоллаға сұхбат берген. Бұл сұхбатта Қазақстанда болатын ашаршылық туралы баяндады, - деп хабарлайды Dalanews.kz Alash.kz ұлттық порталы.

Садырбаев өз сұхбатында елдегі нан бағасының қымбат екенін айтып, оның шын бағасы 50 теңге болуы керегін айтты. 

Сондай-ақ, Қазақстанда қашан ашаршылық болатынын да анықтап берді.

”Ресей мен Украина арасындағы соғыс аяқталған кезде Қазақстанда ашаршылық болады. Себебі, Ресей бүкіл әлемді азықтандырушы ел ғой. Ол Беларусьпен бірге бар құшағын ашып, саудасын доллармен өткізеді. Ал біз соңғы қалған фермерлерден де айырылып жатырмыз. Агроөнім өндіретін мамандар жоқ бізде. Осы себептен де Қазақстан соғыстан кейін ашаршылыққа ұшырайды”,- деді ол.

Еске салайық, бүгін қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбаевтың аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекетін әшкереледі. 

Ол өзі басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деген күдікке ілінген.

Негізгі мақсат - ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу.

Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылды.

Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді.

Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды. Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған.

Алмасбек Садырбаев ұсталды. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.


Рекомендовать
Последние новости