Жанқош Тұраровқа қатысты іс қайта жаңғыртылды - адвокат

Сағыныш Сардарова 06 нояб. 2024 10:18 2709

Әнару Қалдыбектің адвокаты Ляззат Ахатова Жанқош Тұраровқа қатысты іс жаңғыртылғанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Жанқош Тұраровқа қатысты қылмыстық іс қайта жаңғыртылыпты. Келесі апта тергеу қайта басталады деп хабарлады. Бірақ алдыңғы заңсыз шығарылған қаулыны (қысқартылғаны туралы) әлі алған жоқпыз. Жарты айдан астам уақыт өтті.

Бас Прокуратураға жазылған шағымның, әлеу.желідегі, БАҚ-ғы жариялылықтың нәтижесі шығар. Соңғы кезде әріптестерімнен, халықтан Бас Прокуратура қызметкерлерінің жақсы жұмыс істеп, көптеген қылмыс пен заңбұзушылықтарды ашуға септігін тигізіп жатқандарын естимін. Бұл да болса, көңілге жағатын, үзілген үмітті жалғайтын, әділетті Қазақстанға деген сенім оятатын жағымды нәрсе ғой. Тек жаман жағын айта бермей, жақсы жағын да айтайық", - деді адвокат.

Айта кетейік, 21 тамызда Алматының Әуезов ауданы полиция басқармасына 1996 жылы туған қыз "өзін зорлағанын" айтып, арыз жазған еді. Кейін полиция қылмыстық іс қозғағанын растады, ал танымал боксшы Жанқош Тұраровтың өзі тағылған айыпты жоққа шығарды.

Артынша полиция іс тоқтатылғанын хабарлады.

"Іс жүргізу аясында сот-медициналық және сот-биологиялық сараптама жүргізілді, оның қорытындысы бойынша зорлау фактісі растамалды. 20 қазанда Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы түпкілікті шешім шықты.

Әуезов аудандық прокуратурасы бұл шешіммен келісті", - деді полиция.

Айта кетейік, Жанқош Тұраров кәсіпқой рингте 2009 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ол 28 жекпе-жек өткізіп, оның 20-сын нокаутпен жеңген. 


Рекомендовать
Последние новости