Арзан жанармай ұлттық мүдде мен энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндіреді - Ақшолақов

Dalanews 03 апр. 2023 13:12 832

Энергетика министрі Болат Ақшолақов еліміздің жанармай нарығындағы ахуал жөнінде есеп берді деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақшолақовтың атап өткеніндей Қазақстандағы отын бағасы іргедегі көрші-қолаңға қарағанда айтарлықтай арзан: әлемдегі жанармайы су тегінге саудаланатын 10 елдің сапындамыз.

Теріскейдегі көршіміз бағадағы айырмашылықтың "қызығын" көріп отыр. Тоғыз жолдың торабындағы Қазақстанды басып өтетін шетелдік көліктер біздегі дизельдің бағасын көргенде таң-тамаша болады.

Айталық, Ресейдегі дизельдің орта бағасы литріне 345 теңге, бізден 45 пайызға қымбат. Қырғызстандағы баға 64 пайызға жоғары (литріне 390 теңге), Өзбекстандағы баға бізден екі есе қымбат - литріне 480 теңге.



"Транзиттік көліктер дизельге сұраныстың өсуіне басты себепкер. Былтыр шетелдік транзиттік көліктер тұтынған дизель көлемі шамамен 150 мың тоннаны құрады, бұдан басқа көзден таса, "сұр экспортпен" кеткен отынның көлемі шамамен 200 мың тонна", – деп ашынды Ақшолақов.

Қазақстандағы арзан дизельді алып-сатып жатқандар көл-көсір пайдаға кенелген. Әртүрлі айла-амалға салып, қазақстандық арзан отынды шетелге сатқандар жылына 140 млн долларға жетеқабыл табыс тапқан.  


Жаңа Қазақстан дизель шығаруға кенде емес. Мәселен былтыр өндірілген дизельдің көлемі 5,2 млн тоннаны құрап, рекорд орнатқан, солай бола тұра еліміздің бірқатар өңірлерге жанармайға жарымай отыр.

Ақшолақовтың министрлігі 350 мың тонна көлемдегі дефицитті (қысқы ДТ қоспағанда) қымбат бағадағы импорттық отынмен жабуға мәжбүр болған.

Ақшолақовтан inside:


Жүк көліктері қосымша цистерналармен жабдықталған фактілер тіркелді. Осылайша, бір жүк көлігі бірден бір тоннадан төрт тоннаға дейін жанармай құя алады.

Егер мұндай фура Қазақстанда жанармай құйып, Өзбекстанға «ағызуға» барса, 1 тоннадан 700 доллар табуға болады; егер ол Қырғызстанға барса – 250 доллар. Рұқсат етілген 300 литрді толтырып, төгіп тастасаңыз да, табыс бәрібір өте жоғары (кірістілік 50% - дан 120% - ға дейін).

...

Министрлік мамандарының айтуынша былтыр Ресейдің бөлшек саудасындағы дизель бағасы Қазақстанмен теңесіп, арзандаған. Сол кезде Ресеймен шекаралас өңірлерде отын сату көлемі күрт азайған, былайша айтқанда Қазақстаннан жанармай шығару тиімсіз болып қалған.

«Алайда биыл бағадағы айырмашылық айқын біліне бастады. Ресеймен шекаралас өңірлерде дизельді тұтыну көлемі 15 пайызға артқан.

Бұған тоқтау салмасақ, онсыз да шетел асып жатқан қазақстандық дизельдің көлемі артып, биылдың өзінде 850 мың тонна дефицитке ұшыраймыз. Әл-әзір бар мүмкіндігімізді сарқа пайдаланып жатырмыз. Алдағы 6 жылда (Шымкент зауытын кеңейткенше, ред.) дизель көлемін бірнеше есе арттыратын мүмкіндік жоқ.

Тоқ етерін айтқанда басқа елдердің экономикасын арзан отынмен субсидияландырып, ұлттық мүддемізге зиян тигізіп жатырмыз», – деді министр.

...

Үкімет осы күнге дейін ай қарады ма сонда? Ақшолақовтың айтуынша министрлік қол қусырып отырмаған. Атап айтқанда, Жаңа Қазақстанда:

– жанармайды темір жол және көлікпен шығаруға тыйым салынған;

– ресурс иелеріне жанармайды тікелей жанармай станцияларына сатуға міндеттейтін заңнамалық нормалар қабылданған;

– мұнайды жеткізу және мұнай өнімдерін сату кезіндегі өнімсіз делдалдар алынып тасталған.

Солай бола тұра Энергетика министрлігі «көлеңкелі экспортты» ауыздықтай алмай отыр. Ешбір шектеуден қайыр болмаған.


Ақшолақовтың айтуынша бағадағы жер мен көктей алшақтықты жоймайынша көрші елдің көлік жүргізушілерін "асырауды" жалғастыра береміз, ол жақтан ағылатындар да арта береді. Күндердің күні бұл Жаңа Қазақстанның экономикасын тұралатып, жарға жығады.

...

Сөй деген министр жанармай нарығындағы арзан баға - мұнай-газ саласына инвестиция тартуға, геологиялық барлау жұмысын жүргізуге, ресурстық базаны толықтыруға мүмкіндік бермей тұрғанын қынжыла хабарлады.



Мұны шешудің жалғыз жолы – бағаны көтеру.

"Ішкі нарықтағы жанармай тапшылығына жол бермеу үшін бағадағы айырмашылықты жою қажет. Мұндай шешім қабылдау оңай болмады, алайда одан өзге амал жоқ. Энергетикалық қауіпсіздікті қазірден бастап қамдауымыз қажет. Жанар-жағармайдан тарығып, көршілерге алақан жаятын кіріптар күйге түспеуіміз керек", – деді Ақшолақов.

Министр бөлшек саудадағы жанармай бағасын келесідей етіп көтеруді ұсынды:

  • АИ-92 и АИ-93 маркалы бензинге бағаны литріне 182-187 теңгеден 205 теңге қылу (өңірге байланысты), өсім – 11%;

  • дизель отынының бағасын литріне – 295 теңгеге, орташа есеппен өсім – 20 пайыз. Қазір өңірге байланысты баға 230 теңгеден 260 теңгеге дейін болып тұр.


Рекомендовать
Последние новости